Қазақстандықтар қандай қызметтер мен жәрдемақыларды онлайн ала алады?

21 Шілде 2026, 07:30
АВТОР
 21 Шілде 2026, 07:30
21 Шілде 2026, 07:30
644

Бірнеше жыл бұрын қарапайым анықтама алу немесе мемлекеттік жәрдемақы рәсімдеу үшін халыққа қызмет көрсету орталығына бару қалыпты жағдай еді. Кейде бір құжат үшін бірнеше мекемені аралап, ұзақ кезек күтуге тура келетін. Қазір жағдай түбегейлі өзгерді. Мемлекеттік қызметтердің басым бөлігі электронды форматқа көшіп, көптеген рәсімді үйден шықпай-ақ орындауға мүмкіндік пайда болды. Бүгінде телефон арқылы жаңа туған сәбиді тіркеуге, әлеуметтік төлем рәсімдеуге, жүргізуші куәлігін ауыстыруға, емханаға тіркелуге, зейнетақы жинағын тексеруге, тіпті техникалық паспорт алуға болады.

BAQ.KZ тілшісі Қазақстанда онлайн алуға болатын негізгі мемлекеттік қызметтерді саралап шықты.

eGov: анықтама беретін сайттан цифрлық экожүйеге дейін

Биыл eGov.kz электрондық үкімет порталының іске қосылғанына 20 жыл толды. Осы уақыт ішінде қарапайым анықтама беретін сервис толыққанды мемлекеттік цифрлық платформаға айналды.

Қазір елімізде 1300-ден астам мемлекеттік қызмет көрсетілсе, соның шамамен 90 пайызы онлайн қолжетімді. Порталда 15 миллионнан астам пайдаланушы тіркелген. Ал eGov Mobile арқылы көрсетілген қызметтердің жалпы саны 111 миллионнан асты.

Бұл көрсеткіштер мемлекеттік қызмет көрсету жүйесінің түбегейлі өзгергенін көрсетеді. Соған қарамастан, көптеген азамат әлі күнге дейін қандай қызметті үйден шықпай-ақ рәсімдеуге болатынын толық біле бермейді.

Бала дүниеге келгеннен кейін бірнеше мекемеге жүгірудің қажеті жоқ

Бұрын сәби туғаннан кейін ата-аналар туу туралы куәлік алу үшін АХАТ бөліміне, кейін әлеуметтік төлем рәсімдеуге және балабақша кезегіне тұру үшін өзге мемлекеттік органдарға бөлек-бөлек жүгінетін.

Қазір бұл рәсімдердің басым бөлігі бір жүйеге біріктірілген.

eGov.kz немесе eGov Mobile арқылы:

  • баланың тууын тіркеуге;
  • туу туралы куәлік рәсімдеуге;
  • бала тууына байланысты біржолғы жәрдемақы алуға;
  • бала күтімі бойынша төлем рәсімдеуге;
  • балабақша кезегіне қоюға болады.

2026 жылы қанша төлем төленеді?

  • 2026 жылы АЕК мөлшері - 4 325 теңге. Соған сәйкес бірінші, екінші және үшінші балаға – 164 350 теңге, төртінші және одан кейінгі балаға – 272 475 теңге көлемінде біржолғы жәрдемақы төленеді.

Ал жұмыс істемейтін ата-аналарға бала бір жарым жасқа толғанға дейін ай сайын:

  • бірінші балаға – 24 912 теңге;
  • екінші балаға – 29 453 теңге;
  • үшінші балаға – 33 951 теңге;
  • төртінші және кейінгі балаларға – 38 493 теңге төленеді.

Жұмыс істейтін азаматтарға төлем Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан соңғы екі жылдағы табысына қарай есептеледі.

Мемлекет енді қызметті өзі ұсынады

Соңғы жылдары мемлекеттік қызмет көрсету жүйесінде маңызды өзгерістің бірі – проактивті қызмет көрсету механизмі енгізілді. Яғни азамат мемлекеттік органға өзі жүгінбей-ақ, жүйе оның қандай төлемге немесе мемлекеттік қолдауға құқығы бар екенін анықтайды.

Мысалы, сәби дүниеге келгеннен кейін ата-ананың телефонына 1414 нөмірінен SMS-хабарлама келеді. Азамат келісім берген жағдайда туу туралы куәлік рәсімделіп, жәрдемақы тағайындау процесі автоматты түрде басталады.

Бұл мүмкіндік Отбасының цифрлық картасы арқылы жүзеге асады. Жүйе мемлекеттік дерекқорларды салыстырып, азаматқа тиесілі әлеуметтік қолдау шараларын автоматты түрде ұсынады.

Онлайн рәсімдеуге болатын жәрдемақылар көбейді

Электронды үкімет арқылы тек бала тууына байланысты төлемдер ғана емес, әлеуметтік қолдаудың көптеген түрін рәсімдеуге болады.

Олардың қатарында:

  • көпбалалы отбасыларға арналған жәрдемақы;
  • жұмысынан айырылғандарға әлеуметтік төлем;
  • жүктілік және босану бойынша төлем;
  • мүгедектік бойынша жәрдемақы;
  • асыраушысынан айырылу бойынша төлем;
  • атаулы әлеуметтік көмек;
  • тұрғын үй көмегі бар.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, 2026 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша атаулы әлеуметтік көмек 31,1 мың отбасыдағы 167,4 мың адамға тағайындалған. Бұл мақсатқа 7,9 млрд теңге жұмсалса, жыл соңына дейін бюджеттен 62,7 млрд теңге қарастырылған.

Жүргізуші куәлігінен бастап жер актісіне дейін

Әлеуметтік төлемдерден бөлек, eGov бүгінде азаматтардың күнделікті өмірінде жиі қажет болатын ондаған қызметті біріктіріп отыр.

Портал арқылы:

  • жүргізуші куәлігін ауыстыруға;
  • айыппұлдарды тексеруге және төлеуге;
  • емханаға тіркелуге;
  • тұрғылықты жер бойынша тіркелуге;
  • жылжымайтын мүлік туралы анықтама алуға;
  • БЖЗҚ-дағы жинақ бойынша үзінді көшірме алуға;
  • ЭЦҚ рәсімдеуге болады.

eGov статистикасы бойынша ең көп сұранысқа ие қызметтердің қатарында жылжымайтын мүліктің болуы немесе болмауы туралы анықтама, емханаға тіркелу және зейнетақы қорындағы қаражат туралы мәлімет алу қызметтері бар.

2026 жылы қандай жаңа қызметтер іске қосылды?

Биыл цифрландыру жұмыстары бірнеше жаңа бағытпен толықты.

12 шілдеден бастап жер учаскесіне мемлекеттік акт беру қызметі толықтай онлайн форматқа көшірілді. Енді бұл қызмет ХҚКО-ларда көрсетілмейді.

Сонымен қатар жерді жалдау мерзімін ұзарту, жерді жеке меншікке сатып алу және жердің нысаналы мақсатын өзгерту бойынша бірқатар қызмет электронды форматқа ауысты.

Тағы бір маңызды жаңалық – 1 маусымнан бастап техникалық паспортты рәсімдеу толықтай онлайн режимде жүзеге асады. Дайын құжат пайдаланушының жеке кабинетіне жолданады.

Ал маусым айынан бері eGov Mobile арқылы газ есептегішінің көрсеткішін де жіберуге мүмкіндік беретін жаңа сервис іске қосылды.

Цифрлық құжаттар қағаз құжаттың орнын басып келеді

Қазір eGov Mobile қосымшасында 39 түрлі цифрлық құжат қолжетімді.

Олардың қатарында жеке куәлік, жүргізуші куәлігі, туу және неке туралы куәліктер, диплом және басқа да маңызды құжаттар бар. Қажет болған жағдайда азамат QR-код арқылы құжаттың түпнұсқалығын растай алады.

Бұл қағаз құжатты өзімен бірге алып жүру қажеттілігін азайтып отыр.

Цифрландыру дамып келеді, бірақ шешілмеген мәселелер де бар

Мемлекеттік қызметтердің онлайн форматқа көшуі азаматтардың уақытын айтарлықтай үнемдегенімен, жүйеде әлі де түйткілдер бар.

Біріншіден, түрлі мемлекеттік ақпараттық жүйелердегі деректер сәйкес келмеген жағдайда өтініштер кешігуі мүмкін.

Екіншіден, егде жастағы азаматтардың цифрлық сауаты әлі де өзекті мәселе болып отыр.

Үшіншіден, кейбір ауылдарда интернет сапасының төмендігі онлайн қызметтердің толық қолжетімді болуына кедергі келтіреді.

Қазақстан мемлекеттік қызметтерді цифрландыру бағытында айтарлықтай ілгеріледі. Бүгінде жүздеген қызметті ХҚКО-ға бармай-ақ бірнеше минут ішінде рәсімдеуге болады.

Әлеуметтік төлемдерден бастап жүргізуші куәлігін ауыстыруға, жер қатынастары бойынша өтініш беруге немесе техникалық паспорт алуға дейінгі көптеген қызмет электронды форматқа көшті.

Дегенмен цифрландырудың түпкі мақсаты – азаматтың мәселесін артық құжатсыз, артық уақыт жоғалтпай және түсінікті түрде шешу. Мемлекеттік қызметтердің тиімділігі де дәл осы өлшеммен бағаланады.

Наверх