Бұл сұрққа Сенат отырысында Қаржы министрі Мәди Тәкиев жауап берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Биыл 1 ақпаннан бастап шамамен 7 миллион балаға 100 доллардан аударылған. Сенатор Нұртөре Жүсіп келесі жылы қордан қанша қаражат бөлінетінін сұрады.
Қаржы министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесе отырып, Мемлекет басшысының бастамасы бойынша 2024 жылдан бастап «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасын іске қосу үшін негізгі тәсілдерді әзірледі. Ұлттық қордың инвестициялық кірісінің жартысы 18 жасқа дейінгі барлық балалар арасында жыл сайын бөлінуі тиіс. Аталған бағдарлама аясында биылғы жылдың 1 ақпанынан бастап Ұлттық қордан алғашқы қаражат Қазақстан азаматтары болып табылатын барлық балалардың Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы (БЖЗҚ) шоттарына аударылды. Бағдарламаға 6,9 миллион бала қатысуда. Осыған байланысты менің сұрағым: Ұлттық қордан мақсатты трансферттерді тарту оның активтеріне қалай әсер етеді? «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасының жүзеге асырылуына әсері қандай? Біз болашақ балаларымыздың қалтасына қол сұғып жатқан жоқпыз ба? 2024 жылдың және алдағы жылдардың қорытындысы бойынша әр балаға қандай сома аударылмақ? Бұл шоттағы қаражат әлемдік экономиканың өзгеруіне және инфляциялық үдерістерге байланысты құнсызданудан қалай қорғалады,- деді ол.
Қаржы министрі Мәди Тәкиевтің айтуынша, 2025 жылы 3 пайызға инвестициялық өсім болады деп жоспарланған.
Өзіңіз айтып кеткендей, балаларға арналған ұлттық жоба биыл бірінші рет іске қосылды. 1 ақпанда 7 миллионға жуық балаға 100 доллар 52 центтен есептеп салдық. Бүгінде ол доллармен есептеледі. Екіншіден, ол сома қосымша инвестицияланады. Сондықтан ол өсіп отыр. Енді инвестициялық кіріске келсек, биыл біз 2,6 пайызбен санадық. Енді келесі жылы жалпы 3 пайызға инвестициялық өсім болады деп болжамдап отырмыз. Балалардың санын ескере отырып, 1 қаңтарда 118-120 доллар көлемінде болатын шығар деген болжам бар. Бірақ мұны 1 ақпанға дейін күте тұрайық. Дұрыстап есептеп, айтып береміз,- деді ол.
Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменовте бұл сұраққа өз пікірін білдірді.
Жалпы "Ұлттық қор – балаларға" бағдарламасы аясында әр балаға 130 доллардан есептеледі. 1 қаңтарға дейін дүниеге келген балалар мен 18 жасқа толғандарды есептеп, қосымша ақпаратты береміз. Ал инфляциядан қорғау шараларына келсек, бұл қаражат доллармен сақталады, сондықтан оның құнсыздану қаупі төмен,- деді Тимур Сүлейменов.