2025 жылға қарай елде 800 жаңа мектеп салынады

17 Наурыз 2021, 13:58
2047
Бөлісу:
2025 жылға қарай елде 800 жаңа мектеп салынады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев елдің 2025 жылға дейінгі дамуының Ұлттық жоспарын таныстыру барысында айтты.

Оның айтуынша, Ұлттық жоспар азаматтардың әл-ауқаты, институттардың сапасы және мықты экономика атты үш бағыт бойынша 10 жалпыұлттық басымдықтан тұрады. Соның бірі - «Сапалы білім беру» жалпыұлттық басымдығы. Ол жаңа экономикалық бағытты іске асыру үшін бәсекеге қабілетті адами капиталды дамытуды көздейді.

Білім беру жүйесін жаңғырту оның сапасы мен қолжетімділігін арттыруға бағытталатын болады. 2023 жылға қарай мұғалімдердің жалақысы 2 есе өседі.  2025 жылға қарай мектепке дейінгі мекемелерде балаларды 100% ықтимал қамту орындалады. Барлық білім беру ұйымдарында инклюзивті білім беру үшін жағдай жасалатын болады. 2025 жылға дейін білім беруге қолайлы жағдай туғызу үшін 800 жаңа мектеп салынады. Бұл апатты және үшауысымдық мектеп, орын тапшылығы проблемаларын шешуге мүмкіндік береді, - деді министр.

Сонымен қатар «Бірыңғай интеграцияланған білім беру онлайн-платформасы» жобасы іске қосылады. Назарбаев Университетінің тәжірибесі бойынша ел өңірлерінде екі жетекші жоғары оқу орны құрылатын болады.

Еліміздің бәсекеге барынша қабілетті 20 университетінің базасында Академиялық артықшылық орталықтары ашылады.

Бұған дейін министр жаңа Ұлттық жоспар елдің әлеуметтік дамуын көздейтінін айтқан еді.

Өзгелердің жаңалығы