- Мұқаба
- Жаңалықтар
- 20 жылдық трансформация: «Самұрық-Қазынаның» сатып алу жүйесі қалай бизнесті қолдау құралына айналды
20 жылдық трансформация: «Самұрық-Қазынаның» сатып алу жүйесі қалай бизнесті қолдау құралына айналды
«Самұрық-Қазына» отандық тауар өндірушілерді қолдау шараларын жүйелі түрде күшейтіп келеді. 20 жыл ішінде ұлттық қор сатып алу үдерісін түбегейлі жаңғыртып, бүгінде халықаралық қаржы институттарының өзі қолдана бастаған цифрлық экожүйені қалыптастырды.
20 Шілде 2026, 09:53
2026 жылдың бірінші жартыжылдығында «Самұрық-Қазына» отандық тауар өндірушілермен жалпы сомасы 594,2 млрд теңге болатын келісімшарт жасасты. Былтыр мұндай келісімшарттардың көлемі шамамен 2,2 трлн теңгені құрады. Оның ішінде 242 млрд теңге – жұмыстарды орындау мен қызметтерді көрсету барысында сатып алынған қазақстандық өнімнің үлесіне тиесілі.
Бұл көрсеткіштер - биыл құрылғанына 20 жыл толатын қордың сатып алу жүйесін кешенді жаңғырту жұмыстарының нәтижесі. «Самұрық-Қазынаның» сатып алу жүйесінің трансформациясы арқасында тауарлар мен қызметтерді сатып алудағы елішілік құндылық үлесі 2010 жылдардың басындағы шамамен 50%-дан 2025 жылы 83%-ға дейін өсті.
Бүгінде сатып алу жүйесінде отандық өндірушілер мен шағын және орта бизнес субъектілерін қолдаудың 16-дан астам шарасы бар. Олардың қатарында міндетті түрде жергілікті тауар өндірушілердің өнімін сатып алу, қамтамасыз ету талаптарынан босату, келісімшарт сомасының 30%-ына дейін алғытөлем өтеу және төлем мерзімдерін қысқарту секілді шаралар бар.
Аталған қолдау шараларының тиімділігін сатып алу барысына қатысушылар да растап отыр.
Жеңіл өнеркәсіп саласындағы компания басшысы Бахтияр Аршидиновтың айтуынша, 2023 жылы оның ұйымы қыстық арнайы киім дайындауға арналған лотты жеңіп алған. Сөзінше, тендерді жеңіп алу компанияның дамуындағы маңызды кезең болды. Себебі тапсырысты орындау шетелдік әріптестермен серіктестік орнатуға, өндірісті жаңғыртуға және жаңа жабдықтарды сатып алуға мүмкіндік берді.
Жобаны іске асыруда «Самұрық-Қазына» тобында қолданылатын келісімшарт құнының 30%-ы көлемінде алғытөлем беру тетігі маңызды рөл атқарды. Осы қолдаудың арқасында өндірісті кеңейтіп, қызметкерлер санын 30-дан 130 адамға дейін арттырдық және компания айналымын екі еседен астам ұлғайттық. Айналым 2023 жылы 1 млрд теңге болса, 2025 жылдың қорытындысы бойынша 2,5 млрд теңгеден асты. Қазір біз жылына 200 мыңнан астам өнім шығарамыз әрі отандық шикізатты жеткізушілермен серіктестік орнатып, жергілікті өндірісті дамытып жатырмыз, – деді ол.
Бұл орайда, қордың негізгі құралдарының бірі – 2018 жылы іске қосылған Жаңа өндірістерді құруға жәрдемдесу бағдарламасы. Оның аясында, кәсіпкерлерге өз өнімін өткізу үшін кепілдендірілген нарықты қамтамасыз ететін офтейк-келісімшарттар ұсынылады. Соның арқасында бұрын шетелден сатып алынған күрделі өнеркәсіптік өнімдер – трансформаторлар, сорғы жабдықтары, реакторлар және басқа да бұйымдар Қазақстанда өндіріле бастады.
Нәтижесінде осы кезеңде 108 жоба мақұлданып, жалпы сомасы 611 млрд теңгеге 1310 офтейк-келісімшарт жасалды. Оның ішінде 2026 жылдың алты айында 46,9 млрд теңгеге 105 офтейк-келісімшарт рәсімделді.
Сондай-ақ сатып алу жүйесін трансформациялаудағы маңызды кезеңдердің бірі цифрландыру болды. «Самұрық-Қазына» кезең-кезеңімен бизнеске арналған ашық әрі технологиялық ортаны қалыптастырды. Бүгінде онда 130 мыңнан астам жеткізуші тіркелген, ал әрбір келісімшарт бойынша орта есеппен бес компания бәсекеге түседі.
Бұл жүйенің тиімділігі Қазақстанда ғана емес, халықаралық деңгейде де мойындалып отыр. Мәселен, Еуропалық қайта құру және даму банкі енді инвестициялық жобаларды іске асыру барысында қордың сатып алу ережелері мен электрондық алаңын қолданбақ. Аталған мәселе бойынша шілденің басында «Самұрық-Қазына» басшысы Нұрлан Жақыпов пен халықаралық қаржы институтының президенті Одиль Рено-Бассо өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойған еді. Құжатқа сәйкес, Еуропалық қайта құру және даму банкі қаржыландыратын жобаларда банктің сатып алу саясаты мен қағидаларының талаптарын сақтай отырып, қордың сатып алу жүйесі қолданылады.
Бұл меморандумға қол қою – маңызды жетістік әрі өңір үшін ерекше оқиға. Әдетте жетекші халықаралық қаржы институттары қаржыландыратын жобаларда олардың өз сатып алу ережелері мен рәсімдері қолданылады. Сондықтан, Еуропалық қайта құру және даму банкі қаржыландыратын жобаларда «Самұрық-Қазынаның» сатып алу жүйесі мен электрондық порталын қолдану – бұл жүйенің жоғары деңгейде жетілгенін, ашықтығын және институционалдық тұрғыдан дайын екенін көрсетеді, – деді халықаралық сарапшы әрі Дүниежүзілік банктің бұрынғы жаһандық сатып алу жөніндегі директоры Винай Шарма.
Тәуелсіз сарапшы Андрей Чеботаревтың пікірінше, бұл келісім - Орталық Азия өңірі үшін маңызды оқиға.
Еуропалық қайта құру және даму банкі - сатып алу жүйелеріне аса қатаң талап қоятын ұйымдардың бірі. Мұндай ұйымның мойындауы дегеніміз - халықаралық беделді тәуелсіз аудитор «Самұрық-Қазынаның» рәсімдерін бағалап, оларды талаптарға толықтай сәйкес келеді деп растады деген сөз. Пилоттық кезең бұған дейін болды – банк KEGOC-пен бірлескен жоба аясында қордың жүйесін пайдаланған. Енді бұл жүйелі тәжірибе ретінде бекітіліп отыр. Бастысы, «Самұрық-Қазына» - сатып алу жүйесі Еуропалық қайта құру және даму банкі тарапынан ресми түрде мойындалған, Еуропалық Одақ аумағынан тыс жалғыз құрылым. Қазақстан үшін бұл өте маңызды. Бұл – инвесторлар үшін айқын белгі, яғни елдегі ірі мемлекеттік холдингтің сатып алу инфрақұрылымы жетекші халықаралық қаржы институты сенім білдірген қағидалар бойынша жұмыс істейді, – дейді сарапшы өзінің Telegram-арнасында.
Ал сарапшы Ғазиз Әбішев қол қойылған меморандумды қор үшін елеулі жетістік деп бағалады. Айтуынша, әсіресе Қазақстан сияқты дамушы мемлекеттер үшін еуропалық қаржы институтының сенім білдіруі оңай емес.
Бұл неге маңызды жаңалық? Себебі ол елдегі маңызды ұлттық компанияларды шоғырландырған ірі мемлекеттік қордың қаражаты қаншалықты тиімді қолданылатынын көрсетеді. Өйткені «Самұрық-Қазынаның» қызметі тек тауар өндіру, қызмет көрсету, салық және жалақы төлеумен ғана шектелмейді. Олардың қатарында экономиканың тұтас салаларының дамуына серпін беретін жекеменшік сектордағы сатып алулар да бар, – деді сарапшы.
20 жыл ішінде қордың электрондық алаңы ішкі сатып алу тетігінен отандық өнеркәсіпті дамытуға, шағын және орта бизнесті қолдауға және «Самұрық-Қазына» компаниялары тобының сатып алу жүйесіндегі отандық өндірушілердің үлесін арттыруға бағытталған тиімді құралға айналды.
Ең оқылған: