2025 жылы республикалық бюджет шығыстарының көлемі 25,5 трлн теңгені құрап, жоспар 99 пайызға орындалды. Бұл туралы Мәжілістің жалпы отырысында Қаржы министрі Мәди Такиев баяндады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Министрдің айтуынша, Үкімет барлық әлеуметтік міндеттемелерді толық орындаған.
Әлеуметтік салаға 9,3 трлн теңге бөлінді
Былтыр өңірлерді қолдауға 7,7 трлн теңге бағытталса, әлеуметтік салаға 9,3 трлн теңге жұмсалған. Бұл қаражат білім беру, денсаулық сақтау, тұрғын үй, әлеуметтік қолдау және инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруға бағытталған.
Ұлттық жобалар аясында 198 мектептің және 655 денсаулық сақтау нысанының құрылысы аяқталды. Сонымен қатар студенттерді жатақханамен қамтамасыз ету жұмыстары жалғасты. 2025 жылы 10 мыңнан астам студентке арналған 30 жатақхана пайдалануға берілді. Нәтижесінде 7 500 колледж студенті мен 23 600 жоғары оқу орындарының студенттері, магистранттар және докторанттар жатақхана орындарымен қамтылды, - деді министр.
Такиев мәліметінше, барлық қаржыландыру көздері есебінен өткен жылы 20,1 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген. Ал халықтың әлеуметтік осал топтарын баспанамен қамтамасыз ету үшін 5 141 тұрғын үй сатып алынған.
Инженерлік инфрақұрылымды дамыту бағытындағы жұмыстар да жалғасқан.
Өткен жылы 980 шақырым инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым желісі салынды, сумен жабдықтау және су бұру жүйелерінің 6,3 мың шақырым желісі салынды және жөнделді.
Көлік инфрақұрылымын дамытуға да қомақты қаражат бөлінген.
Жыл ішінде шамамен 13 мың шақырым автожол жөндеу және құрылыс жұмыстарымен қамтылды. Оның ішінде 9 мың шақырымы – республикалық маңызы бар жолдар, 4 мың шақырымы – жергілікті маңызы бар жолдар. Сонымен қатар әлеуметтік маңызы бар теміржол және әуе бағыттарын субсидиялау жалғасты. Субсидияланған 62 облысаралық теміржол бағыты арқылы 16,2 млн жолаушы тасымалданған. Ал субсидияланған 26 әуе бағытын 520 мың жолаушы пайдаланған, - деп түсіндірді ол.
Қаржы министрінің мәліметінше, көліктің барлық түрлері арқылы тасымалданған транзиттік жүктің көлемі 39,1 млн тоннаға жеткен. Бұл 2024 жылмен салыстырғанда 18 пайызға көп.
Ауыл шаруашылығына 1,1 трлн теңге бөлінді
Такиев келтірген дерекке сәйкес, 2025 жылы агроөнеркәсіп кешенін қолдауға 1,1 трлн теңге бағытталған. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 172 млрд теңгеге артық.
Форвардтық сатып алу бағдарламасы аясында 346,2 мың гектар егістік алқабы қамтылды. Жыл қорытындысы бойынша 26 млн тонна астық жиналып, оның ішінде 19,3 млн тоннасы бидай болған. Сонымен қатар күнбағыс егістігінің көлемі 1,2 млн гектардан 1,7 млн гектарға дейін ұлғайған. Бұл күнбағыс майы өндірісін 17,5 пайызға арттырып, экспорттық әлеуетті 24 пайызға кеңейтуге мүмкіндік берген.
Сумен қамтамасыз ету саласында 1 840 шақырым ирригациялық канал тазартылды, 680 шақырым су желісі қайта жаңғыртылды және 375 гидротехникалық нысан жөнделді.
Алдағы суару маусымында 1,2 млн гектар жерді сумен қамту үшін шамамен 11 млрд текше метр су алу жоспарланып отыр.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, Мәжілісте 2025 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы жөніндегі есепті таныстырған Жоғары аудиторлық палата төрағасы Әлихан Смайылов бюджет игерілгенімен, нәтиже жоқ екенін айтып, аудит қорытындысын жариялады.
Тағы оқи отырыңыз: Қазақстан экономикасы өсті: Орташа жалақы 442 мың теңгеге жетті
Бюджетке 336 млрд теңге түспей қалды: Такиев негізгі себептерді атады