19,1 млн қазақстандық ауыз сумен қамтылған - ИИДМ

27 Сәуір 2023, 13:01
766
Бөлісу:
19,1 млн қазақстандық ауыз сумен қамтылған - ИИДМ

Бұл туралы ОКҚ алаңында өткен брифингте ИИДМ Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті төрағасының орынбасары Әзімбек Пазылбекұлы мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Оның сөзінше, 2000-шы жылдардан бастап азаматтарымызды ауыз сумен қамтамасыз ету бойынша түрлі бағдарламалар арқылы жұмыс жүргізіліп келеді.

Мысалы, «Ауыз су» (2000-2010 жж.), «Ақбұлақ» (2011-2014 жж.), «Өңірлерді дамыту», «Нұрлы жер» (2015-2021 жж.) бағдарламаларын іске асыру арқылы халықты ауыз сумен қамтамасыз ету көрсеткіші 96,8%-ды құрады. Жалпы халық саны 19,7 млн адам болса, оның ішінде 19,1 млн адам ауыз сумен қамтамасыз етілген, - деді ИИДМ өкілі.

Әзімбек Пазылбекұлының берген мәліметіне сәйкес, тұщы жер асты суларының негізгі ресурстары оңтүстік аймақтарда шоғырланған. Ал Атырау, Солтүстік Қазақстан, Маңғыстау, Қостанай және Ақмола облыстарының тұщы жер асты суларының ресурстары шектеулі.

Мұндай жағдай ел халқын сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерді жоспарлау және іске асыру кезінде бізге ерекше жауапкершілікті жүктейді. Өйткені біздің алдымызда 2025 жылы сапалы ауыз сумен 100% қамтамасыз ету міндеті тұр. Бұл көрсеткішке «Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамыту» тұжырымдамасы шеңберінде қол жеткізу жоспарланып отыр, - деп түсіндірді ол брифингте.

Су кодексіне сәйкес министрлік елді мекендер шегінде, ал Экология және табиғи ресурстар министрлігі топтық су құбырларын салу және реконструкциялау жөніндегі жобаларды елді мекен шегінен тыс іске асырып жатыр.

Өзгелердің жаңалығы