Ертең, елорда уақыты бойынша сағат 12:00-де «Наурыз мейрамы» ұлттық челленджі өтеді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Бұл туралы ҚР Оқу-ағарту министрлігінің тәрбие жұмысы және қосымша білім беру департаментінің директоры Аман Сейтов айтты.
Шараның негізгі мақсаты білім алушыларды ұлттық рух пен отан сүйгіштікке тәрбиелеу, елдің мәдени мұрасын сақтап, балалар арасында ұлттық музыкалық аспапты насихаттау.
Домбырашылар челленджі-балалар мен жастардың, мұғалімдер мен ата-аналардың музыкалық өнер саласындағы шығармашылық жетістіктерін көрсету және домбыраны дәріптеу. Оған барлық ниет білдірушілер қатыса алады. Мұндай челлендж оқушылар арасында алғаш рет өткізіліп отыр. Осы жұма күні еліміздің барлық білім беру ұйымдарында бір уақытта домбыраның қоңыр үні күмбірлейтін болады. Бұл республиканың мәдени өміріндегі ерекше оқиға,- дейді Аман Сейтов.
Биыл еліміздің барлық жалпы білім беретін мектептерінде Наурыз мейрамы 10-17 наурыз аралығында өтеді. Наурыз мейрамына орай «Таза табиғат» акциясы, «Жасыл үй» челленджі, «Қайырымды ұлт», «Қолөнершілер жәрмеңкесі» сияқты қайырымдылық акциялары, ұлттық ойындар, ұлттық тағамдар фестивалі, «Наурыз – ұлыстың ұлы күні» атты сурет байқауы және «Отбасы – бақыт мекені»отбасылық жарыстары өтеді.