Қазақ балаларын спортқа ғана емес, өнерге де баулу керек – Бахтияр Адамжан

15 Сәуір 2021, 13:00
2524
Бөлісу:
Қазақ балаларын спортқа ғана емес, өнерге де баулу керек – Бахтияр Адамжан
Сұхбат PHOTO

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Әлемнің үздік бишілерінің бестігіне енетін балет әртісі, «Астана Опера» театрының жетекші солисі, беделді халықаралық байқаулардың Гран-при иегері... Оның атақтары мен жетістіктері жайлы айта беруге болады. Алайда ол өзін «өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол» дегенді естіп өскен қазақтың қара баласымын дейді. Дүниежүлік өнер күні ұлтын әлемдік сахнада танытып жүрген Бахтияр Адамжанмен болған әңгімені назарларыңызға ұсынамыз.

Бұл медальді алған бірінші қазақпын

Сіздің бірнеше әлемдік сахнада өнер көрсеткен тұлға екеніңізді білеміз. Соның ішінде есіңізде қалған қай елдегі қойылымыңыз, жалпы біздің көрермен мен ондағы көрерменнің айырмашылығы бар ма?

Бірнеше елдің сахнасында өнер көрсету мүмкіндігіне ие болғаным үшін, алдымен осы өнерге жетелеп әкелген ата-анама және ұстаздарыма алғыс білдіргім келеді. Мен үшін әр қойылым, әр байқау, әр сахна мен көрермен ыстық. Дегенмен игерген білімім, өнерім сынға түскен бәйге ішінде 2017 жылы Мәскеуде өткен он үшінші халықаралық балет әртістерінің хореографиялық байқауы мен үшін ерекше. Өйткені балет өнерінде ол төрт жылда бір рет өтетін Олимпиада сияқты беделге ие. Оның үшінші кезеңіне өтіп, аңызға айналған Үлкен театрдың сахнасында өнер көрсетіп, алтын медальға ие болдым. Мақтанғаным емес, бұған дейін бірде-бір Қазақстанның балет әртісі бұл медальді алған емес.

Оны бұған дейінгі Нью-Йорктегі, Ыстамбулдағы, Кореядағы, өз еліміздегі байқаулардың түйіні дер едім. Байқаудың соңғы кезеңінде «Диана и Актеон» вариациясын орындадым. Сахнаға байқау қатысушысы ретінде емес, Үлкен театрдың әртісі ретінде шығуға тырыстым. Үлкен театрдағы байқау қорытындысының концертіне Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путин қатысты.
Екіншісі – Италияның Амфитеатрдында Ролан Петидің «Юноша и смерть балетін» сахналауым дер едім. Қазақ елінен, қазақ әртістерінің ішінен сол балетті орындау бақыты маған бұйырыпты. Оны орындау балет өнерінің көгіне шыққан әртістерге рұқсат етілетін, сол үшін Милан қаласына арнайы шақыртумен бардым.

Ал көрерменге қатысты не айтар едіңіз?

Шыны керек, балет өнеріндегі қазақ әртістерін өзге елде жақсы қабылдайды. Қошеметсіз, көрерменнің назарынсыз қалған күндеріміз болған емес. Мен және әріптестерім олар үшін жаңа кітаптың парағындай болғандықтан да шығар, өйткені ол жақта қазақ деген ұлттың бар екенін танытамыз. Оған елдегі балет өнерін барынша жоғары деңгейде көрсету үшін барымызды салатынымыз да әсерін тигізетіндей. Кейде Қазақстанға қарағанда Италияда, Ресейде көбірек танымал сияқтымын.

Қазақ балаларын спортқа ғана емес, өнерге де баулу керек – Бахтияр Адамжан

Бірақ «Астана опера» театрында өз көрермендерім бар, олар маған ыстық. Олардан асып түсетін ешкім жоқ шығар. Инстаграмда пікірлерін қалдырып, директе жазып жатады. Жалпы айтқанда, барлық жерде көрермен бірдей, қалай өнер көрсетесің, кейіпкеріңнің рөліне еніп, энергетикаңды қалай жеткізесің – соған байланысты. Қатып қалған тас көрермен еш жерде жоқ.

Бізде БАҚ жаңалықтарына шығу үшін «тау қопаруың» керек

Біздің елде өнерпаздарға лайықты құрмет көрсетіліп жатыр деп ойлайсыз ба? Ел намысын халықаралық деңгейде қорғап, атын шығарып жүрген өнер тарландары жайлы халық аз білетіндей. Біздің елде шоу бизнес өкілдері танымалырақ сияқты...

Өкінішке қарай, халықтың қалауы арзан көңіл болып тұр. Биік өнерге талғамның қалыптасуы ортаға ғана емес, сонау балалық кездегі тәрбиеге де байланысты ма дейін. Биік өнерге бізде балабақшадан, мектептен баулу жағы ақсап жатыр. Мектепте тек музыка пәні бар, оның өзінде ән айтумен шектелеміз. Өнерге баулуға мән берілмейді. Бәлкім, бала жастан биік өнер мен арзан өнердің айырмашылығын түсінетін болса, қазіргідей біреудің «аиибый» дегеніне еріп кетпес пе едік. Қазір көбінде ондай айырмашылықты түсінетін қабілет болмағандықтан да осындай жағдай қалыптасып, арзан хайпты дәріптеп жатқан сияқтымыз. Содан кейін жастар не көріп жүр, теледидарға не шығып жатыр – сол жағы қадағалануы керек шығар, бәлкім. Қазақ елін шетелге танытып, өнер көгіне көтерілген жастар көп. Оларды үлгі ету жағы ескерілмейді. Димашты айтпай-ақ қояйын, ол енді әлемдік деңгейдегі жұлдыз. Қарапайым өнер адамын дәріптеу жағы ескерілсе. Өзіміздің театрды ғана алып қарайтын болсақ, өз замандастарына үлгі болатындай халықаралық байқаулардан жеңіп жүрген қаншама музыкант, бишілер бар. Алайда бізде БАҚ жаңалықтарына шығу үшін «тау қопаруың» керек.

Біздің елде рухани құлдырау бар. Әрине, Мәдениет және спорт министрлігі жұмыс істеп жатыр. Оны көзімізбен көріп отырмыз. Алайда аудан, ауылдық жерде қарапайым секциялар әлі де жоқ. Мысалы, мен өзім Алматы облысындағы Сарыөзек ауылында өстім. Ол жерде күрестен басқа ешбір секция болмады. Балетке дейін төрт жыл күреспен айналыстым. Менің ойымша, сол ауыл-аймақта тек спорттык секцияларға емес, өнерге қатысты үйірмелерге де мән берілуі керек. Қазақ өзі өнерге жақын халық қой, ауылда қаншама таланты ашылмаған жастар жүр. Жалпы барлық қалаларды бірдей дамытып, ауыл, аудандарға өнерді дәріптесек, жақсы бетбұрыс болар еді.

«Жоқ, жоқ» деп ауызды қу шөппен сүртіп, көпке топырақ шашпайын. 20-35 жас аралығындағы жастарды көрермен ретінде жиі көремін. Жастардың биік өнерге бетбұруы мені қатты қуантады.

Сіз Димашқа дейін Кремль сарайында бірнеше мәрте өнер көрсетіпсіз...

Мәскеуде өткен халықаралық балет әртістерінің хореографиялық байқауындағы жеңістен кейін көптеген елдің театрларынан жұмыс істеуге, өнер көрсетуге шақыртулар келіп түсіп жатты. Бірақ өзім үшін қазақ елінде жұмыс істеймін деген шешім қабылдап қойғам, ол жаққа тек қонақ ретінде шақырумен баруға ниетті болдым. Ал Кремльде өнер көрсетуге Мариса Лиепаның ұлы Андриса Лиепаның шақыруымен бардым. Ол кісімен Нью-Йорк қаласында таныстым. «Valentina Kozlova International Ballet Competition» халықаралық байқауына Рудольф Нуриевтің өңдеуіндегі авторлық жобамды апарған болатынмын. Ол жерде де үздік орынды қанжығаға байладық. Кейін театрмен бірге барып, «Шахерезада» қойылымын көрсеткен болатынбыз. Осылайша, Қазақстанның балет өнерін Ресейдің төріне шығардық. Көрерменнің ықыласы ерекше болды. «Шахерезада» балетінің қазақ труппасындағы орындауы оларға ерекше әсер етті. Шығыс стилі, аруларымыздың мүсіні, қыпша бел мен нәзіктігі қошеметсіз қалмады. Жалпы жеке шақыртулар алсам да, өзіммен бірге істеп жүрген әртістерді алып баруға тырысамын. Жуықта Қазан қаласына барамыз. Қазақтың өнерлі қызы Әйгерім Бекетаеваны серіктес ретінде бірге алып барамын. Аустралияға Шұғыла Әдепхан деген әріптесімді шақырдым.

Кейде жүрегім «шым» ете қалады

Ал түбейгелі шетелге кету жайлы ой туындаған жоқ па?

Әрине, басында материалдық жағдайды жақсартып алсам деген ойлар болған. Мұны біреу жалған партиоттық дер, бәлкім, қазақ елінен өнерлі жастар кетсе, кім қалады, не қалады деген ой жиірек мазалайды. Кетіп жатқан жұртты, өнерлі жастарды көргенде жүрегім «шым» ете қалады. Осы «Астана опера» театрымен біте қайнасып, осында тамыр жайып, өсіп-өнген соң, қара басымды ойлап кету сатқындықтай көрінеді. Оның үстіне алғаш осы театрдың табалдырығын аттағанда еліміздің балет өнерін әлемге паш етсем деген арманым бар еді. Енді соған жеткенде өз қамымды күйттеп кетуге арым жібермейді. Қазір жастарға жол ашып беретіндей жағдайым бар. Шетелге шақырту алған сайын қазақ балет өнерін, жастарын таныстырып жатырмын. Өзім бара алмай қалған жерге өзгелерді ұсынамын. Әрине, шетелде жалақы жағы жақсырақ. Дегенмен елде де біреу қалуы керек. «Өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол» дегенді естіп өскен қазақтың қара баласымыз.

Ата-анаңыз өнер адамдары болмаса да, өнерге жақын екінін айтыпсыз. Білуімізше, сізді балетке баулу адымен сол кісілердің мақсаты болған сияқты.

Иә, әкем төтенше жағдайлар қызметінің офицері, анам – ұстаз. Әкем Карабақтағы соғысқа қатысқан, өткен жылы Мәскеуде соғыс ардагері деген медальмен марапатталды. Екеуі де интеллегент болған соң ба, біздің үйде өнер дәріптелетін, кітап көп болатын, оны оқу дәстүрі қалыптасқан. Дегенмен олар өнерден құралақан емес. Әкем гитарада ойнайды, анам екеуі қазір билегенде тойдың гүлі (күліп). Он жасымда Сарыөзекте оқып жүрген жерімнен болашағым үшін қалада оқуға жіберді. Ол кезде баламын ғой, қазір әке атанғанда балаңды бауырыңнан жұлып алып, шалғайға жіберу оңай емес екенін түсіндім. Болашағым үшін жасалған қадам екенін сезінген сайын оларға құрметім артуда. Қазақ отбасы көбіне баласын спортқа икемдейді ғой. Олардың талғамы биік екеніне көзім жетті. Көбі неге балет өнерін таңдадыңыз дейді. Бұл менің емес, ата-анамның таңдауы болатын. Ал мен сол кезден олардың маған жаман нәрсе үйретпейтінін, өмір көрген соң бір білерлері бар дейтін ұстанымда болдым.

Қазақ балаларын спортқа ғана емес, өнерге де баулу керек – Бахтияр Адамжан

Өнерді тастап кеткіңіз келген кездер болды ма?

Мен бала кезден «басқалар шыдаған нәрсеге, сен шыдай алмайсың ба?» деп өзімді қайрайтынмын, «адамның істегінін адам істей алады, төзе алады» деп ойлайтынмын. Содан кейін бізде ұстазға деген үлкен құрмет бар. Анам ұстаз болғандықтан шығар. Училищеде олардың айтқандарын екі етпей орындадым. Тек ұстаздардың айтқанын істеп, басында бір-екі жыл балет өнерін түсінбей жүрген кездер де болды. Кейіннен бізді театрға апара бастады. Сол жақта үлкен ағаларымыздың өнерін көріп, өзіміз де соған тартылдық. Солардың жасағынын жасағымыз келді. Кейін кішігірім нәтижеге қолжеткіздім. Жетістікке жеткен соң шабыттана бастайсың. Ата-анам бірде-бір байқаудан қалдырмапты. Өздері ішіп-жемесе де, қаржы тауып беретін.

Балет әртісімін деп айтуға ұялатынмын

Өз балаларыңызды осы өнерге баулу жайлы ойланып көрдіңіз бе?

Мен оларға осындай өнер бар, өмір бар деп түсіндіруге тырысамын. Егер қаласа, білгеніммен бөлісіп, қолымнан келгенше бұл өнерді игеруге көмектесемін. Ал қаламаса, кез келген өз таңдауына қолдау көрсетемін. Негізі баланың дегеніне көнуге қатысты бізде теріс пікір бар сияқты. Жеті- сегіз жастаға бала не білсін. Одан «не қалайсың» деп сұрамас бұрын оның қызығушылығын ояту керек. Содан кейін барып бұл оған керек пе, жоқ па – білуге болады. Бала білмеген, көзбен көрмеген соң ананы да, мынаны да қалаймын деп айта беруі мүмкін.

Әлі де сомдасам деген рөлдеріңіз бар ма? Бұрын «Спартакты» сомдау арманыңыз болыпты, оған қол жеткіздіңіз. Дегенмен адамда арман таусылған ба...

Әзірге осы күнге дейін орындаған рөлдерімді өзге сахналарда, өзге жұрт пен елге таныстырсам деген мақсатым бар.

Ал жеке мектебіңізді ашып, шәкірт тәрбиелеу жоспарыңызда жоқ па?

Одан гөрі ауылға барып мал бақсам деген жоспарым айқынырақ. Қалжың, әрине. Ол да екінің бірі шыдас бермейтін өнер ғой негізі. Әзірге өмірімді өнерсіз елестете алмаймын. Мектеп ашу, ұстаз болу әзірге жоспарда жоқ. Жалпы жас ұрпақты өнерге баулу үшін үлкен жауапкершілік керек. Оның жүрегіне от жаға алатын деңгейде болу керек. Мүмкін дайын әртістерге, техникамен бөлісу жағынан көмектесермін, қазір де бар білгенімді үйретіп жатырмын.

Қазақ балаларын спортқа ғана емес, өнерге де баулу керек – Бахтияр Адамжан

Бізде ер адамның балет әртісі болуын, шыны керек, көп адам қабылдай қоймайды. Өзіңіз қоғамда мұндай жандармен бетпе-бет келесіз бе?

Бала кезде балет әртісімін деп айтуға аздап ұялатынмын. Қазір тек мақтанышпен айтамын. Жалпы біздің қоғамда ғана емес, дүниежүзінде ер балет әртістеріне қатысты қызтеке деген сынды стереотип қалыптасқан. Бірақ балет әртістерінің спортшыға бергісіз қара күші бар екенін көбі біле бермейді. Біздің училищедегі қыздарға сырттан келетін жігіттер болмаса (күліп). Бірде училищедегі досым көшеде екі-үш жігітті ұрып тастапты. Сөйтіп, полициядан бір-ақ шықты. Сонда полиция кімсің дегенде «балет әртісімін» депті. Сонда әлгі кісі зардап шеккендерге қарап «балет әртісінен таяқ жеп жүрсіңдер ме» деген екен. Біздің қазақстандық балет театрына жоғарыда айтқан стереотиптің қатысы жоқ. Өйткені бізде бұл өнерге адасып келген жан жоқ. Содан кейін менталитетіміз басқа әрі қыздарымыз әдемі.

Карантин өнеріңізге, дайындығыңызға қалай әсер етті?

Карантин кезінде сахнаны сағындық. Физикалық дайындыққа әсері қатты тиді. Карантиннің алғашқы жарты жылында салмағым 84 килограммға жеті. 72 кг салмаққа түсу үшін біраз тер төктім, бұлшықеттер мен демді сахнаға дайындау үшін жұмыс істеу керек болды.

Әңгімеңізге рақмет, өнеріңіз өрлей берсін!


Өзгелердің жаңалығы