- Мұқаба
- Жаңалықтар
- 15 млн қазақстандықтың деректері «таралып кетті»: Фактчекерлер нені анықтады
15 млн қазақстандықтың деректері «таралып кетті»: Фактчекерлер нені анықтады
Фактчекерлер деректердің таралуы eGov жүйесінің бұзылғанын білдірмейтінін түсіндірді.
14 Тамыз 2026, 12:45
GFCN халықаралық фактчекинг қауымдастығы 15 миллион қазақстандықтың деректері тарады деген жуырдағы ақпаратты мысалға алып, цифрлық кеңістікте жалған немесе расталмаған ақпараттың қалай тарайтыны туралы материал жариялады. Сарапшылар осы мысал арқылы ірі көлемдегі деректердің таралуы жөніндегі расталмаған хабарламалардың қалай пайда болып, қалай тарайтынын және БАҚ мұндай ақпаратпен жұмыс істегенде нені ескеруі керегін көрсетті, деп хабарлайды BAQ.KZ GFCN-ге сілтеме жасап.
Бұған 11 тамызда тараған ақпарат себеп болды. Даркнеттегі форумдардың бірінде белгісіз қолданушы Қазақстан тұрғындарының жеке деректері бар делінген базаны сатуға шығарған. Автор бұл мәліметтерді eGov порталы бұзылғаннан кейін алғанын мәлімдеген. Базада төлқұжат деректері, телефон нөмірлері, мекенжайлар және басқа да мәліметтер бар екені айтылған.
Алайда бұл хабарлама шыққан кезде базаның шынымен мемлекеттік жүйелерді бұзу арқылы алынғанын растайтын дәлел болған жоқ.
Тексеру нені көрсетті
Ақпарат тарағаннан кейін Қазақстанның Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі ұсынылған файлдарға қол жеткізіп, оларға алдын ала талдау жүргізді.
Ведомство мемлекеттік ақпараттық жүйелердің бұзылғанын көрсететін белгілер анықталмағанын хабарлады. Бұған қоса, ұсынылған материалдардың құрылымы eGov инфрақұрылымына сәйкес келмеген. Атап айтқанда, мемлекеттік жүйедегі электрондық құжаттар хабарландыру авторы сипаттаған форматта сақталмайды.
Фактчекерлер басқа да жайттарға назар аударды. Хабарландыру жариялаған қолданушының аккаунты 2026 жылдың тамызында ғана ашылған, ал болжамды деректер базасы толық күйінде ашық қолжетімділікке жарияланбаған.
Сондықтан сатушының деректер eGov жүйесінен алынған деген мәлімдемесінің өзі жүйенің бұзылғанын дәлелдемейді. Сарапшылар бұл бұрынғы дерек таралымдарынан жиналып, бір базаға біріктірілген мәліметтер болуы мүмкін екенін жоққа шығармайды. Мұндай жағдайда белгілі мемлекеттік жүйенің атауы ұсынысты сенімді етіп көрсету және әлеуетті сатып алушылардың алдында деректердің құнын арттыру үшін пайдаланылуы мүмкін. Ақпараттың нақты қайдан алынғанын тек техникалық талдаудан кейін анықтауға болады.
Расталмаған ақпарат қалай жаңалыққа айналады
GFCN үшін сараптамалық талдауды қазақстандық журналист, NoFake.kz жобасының жетекшісі Илья Рыбин дайындаған.
Материалда БАҚ-тағы тақырыптарға ерекше назар аударылған. Илья Рыбиннің пікірінше, жүйенің бұзылғаны дәлелденбей тұрып, «хакерлер eGov-ты бұзып, 15 млн қазақстандықтың деректерін ұрлады» деп жазу дұрыс емес.
Мұндай жағдайда белгісіз қолданушы eGov бұзылғаннан кейін алынған делінген деректерді сатып жатқанын мәлімдеді деп көрсету дұрысырақ. Осылайша оқырманға бұл дәлелденген факт емес, мүдделі тараптың мәлімдемесі екені бірден түсінікті болады.
Талдауда атап өтілгендей, қандай да бір жеке деректер базасының болуының өзі нақты бір мемлекеттік жүйенің бұзылғанын білдірмейді.
Деректердің таралуы eGov бұзылды деген сөз емес
GFCN қосымша тексеруді қажет ететін негізгі белгілердің бірі ретінде ақпараттың қайдан шыққанына назар аударады. Бұл жағдайда жүйенің бұзылғанын мәлімдеген адам сол деректерді сатуға да әрекет жасаған. Демек, ол әлеуетті сатып алушылардың базаның құндылығына сенуіне тікелей мүдделі.
Мұндай хабарламаларды тексерген кезде фактчекерлер автордың аккаунты қашан ашылғанын, бұған дейін не жариялағанын, деректердің үлгілері көрсетілген-көрсетілмегенін, оларды тәуелсіз маман тексерген-тексермегенін және файлдардың құрылымы деректер алынды делінген жүйеге сәйкес келе ме, соны анықтауға кеңес береді.
Дәл осындай техникалық сәйкессіздіктер резонанс тудырған мәлімдеменің қосымша тексеруді қажет ететінін көрсететін алғашқы белгілердің бірі болуы мүмкін.
Ірі дерек таралымдары туралы ақпаратты қалай тексеру керек
Мұндай жағдайда фактчекерлер ең алдымен ақпараттың бастапқы дереккөзіне назар аударуға кеңес береді. Қазақстандықтардың деректері тарады деген оқиғада жүйені бұзғанын мәлімдеген адам базаны сатуға да әрекет жасаған. Яғни ол айналасындағылардың бұл базаның қайдан алынғанына және оның құндылығына сенуіне тікелей мүдделі.
Мұндай ақпаратты тексерген кезде сатушының аккаунты қашан пайда болғанын және бұған дейін не жариялағанын, деректердің үлгілері ұсынылған-ұсынылмағанын, оларды тәуелсіз мамандар тексерген-тексермегенін және файлдардың құрылымы мәліметтер алынды делінген ақпараттық жүйеге сәйкес келе ме, соны анықтау маңызды.
15 млн қазақстандықтың деректері тарады деген оқиға халықаралық фактчекинг алаңы үшін расталмаған хабарламаның қаншалықты жылдам ауқымды ақпараттық тақырыпқа айналуы мүмкін екенін көрсететін мысал болды.
Сарапшылардың негізгі қорытындысы қарапайым: деректерді сату туралы хабарландырудың табылуы мен мемлекеттік жүйенің бұзылғаны дәлелденуі – екі бөлек нәрсе. Ақпараттың қайдан алынғаны анықталмайынша, кибершабуыл туралы сөз мәлімдеме күйінде қалуы керек және расталған факт ретінде ұсынылмауға тиіс.
Еске салайық, бұған дейін Даркнетте Қазақстанның 15 млн азаматына қатысты деректер сатылымға шығарылғаны туралы ақпарат тарады.
Сондай-ақ, ІІМ қазақстандықтардың деректерін сататыны туралы хабарландыру авторын іздеп жатқанын хабарладық.
Ең оқылған:
- Қазақстан туралы даулы мәлімдеме жасаған ресейлік блогер елден шығарылды
- Жамбыл облысында жүкті әйелін зиратқа апарып, ұрып-соққан ер адамның үстінен қылмыстық іс қозғалды
- Жақсы жұмысқа орналасу үшін Астана мен Алматыда оқу міндетті ме?
- Жердің миллиондаған тұрғыны Күннің толық тұтылуын тамашалады
- Жаңбыр, найзағай: 16 облыста дауылды ескерту жарияланды
Мақпал ОРЫНБЕК