ІІМ қазақстандықтардың деректерін сататыны туралы хабарландыру авторын іздеп жатыр

Мемлекеттік ақпараттық жүйелер бұзылғаны туралы расталған деректердің жоқтығына қарамастан, ІІМ интернетте жарияланған хабарландырудың шығу тегін анықтап жатыр.

13 Тамыз 2026, 15:05
АВТОР
 ©BAQ.KZ архиві/Арман Мухатов 13 Тамыз 2026, 15:05
13 Тамыз 2026, 15:05
193
Фото: ©BAQ.KZ архиві/Арман Мухатов

Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі интернетте азаматтардың дербес деректері сатылымға қойылғаны туралы ақпарат тарағаннан кейін тексеру жұмыстарын бастады.

Ведомство қазақстандықтардың алаңдаушылығы назардан тыс қалмағанын мәлімдеді. Сонымен қатар қазіргі таңда eGov порталына рұқсатсыз қол жеткізу фактілері тіркелмеген.

Тексеру жалғасып жатыр

Мемлекеттік ақпараттық жүйелер бұзылғаны туралы расталған деректердің жоқтығына қарамастан, ІІМ интернетте жарияланған хабарландырудың шығу тегін анықтап жатыр.

Қазір полиция қызметкерлері хабарландыруды жариялаған адамның жеке басын анықтап, ұсынылған деректердің қайдан алынғанын және оларды заңсыз иемденуге немесе таратуға басқа адамдардың қатысы бар-жоғын тексеруде.

Кінәлілер жауапкершілікке тартылады

ІІМ дербес деректерді қорғау азаматтардың конституциялық құқықтарының бірі екенін атап өтті.

Ведомство Қазақстан Конституциясы азаматтардың дербес деректерін заңсыз жинаудан, өңдеуден, сақтаудан және пайдаланудан, соның ішінде цифрлық технологияларды қолдану арқылы қорғауға кепілдік беретінін еске салды.

Министрлік ықтимал заң бұзушылыққа қатысы бар барлық тұлғаны анықтау үшін қажетті шаралардың барлығы қабылданатынын мәлімдеді.

Қатысы бар барлық тұлғаны анықтау үшін қажетті шаралардың барлығы қабылданады. Ешкім жауапкершіліктен құтылмайды. Жұмыс ІІМ-нің ерекше бақылауында, – деп хабарлады ведомство.

Бұған дейін Қазақстанның Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі eGov жүйесі бұзылып, 15 млн қазақстандықтың дербес деректері тарады деген ақпараттың шындыққа жанаспайтынын мәлімдеген болатын. Ведомство уәкілетті органдармен бірлесіп, электронды үкіметтің ақпараттық жүйелеріне техникалық тексеру жүргізді. Мамандар олардың бұзылғанын анықтаған жоқ.

Даркнеттегі файлдарды тексеру не көрсетті?

Министрлік өкілдері бұған дейін даркнетте сатылымға қойылған файлдарға қол жеткізген.

Жүргізілген талдау нәтижесінде жарияланған массивтің әртүрлі файлдар мен суреттерден тұратын жиынтық екені және оның eGov жүйесінен алынған бірыңғай деректер базасы емес екені анықталды.

Министрлік тағы бірқатар сәйкессіздікке назар аударды. Атап айтқанда, көрсетілген деректер көлемі мен олардың мазмұны бір-біріне сәйкес келмейді.

Сонымен қатар eGov ақпараттық жүйелерінде хабарландыру авторы көрсеткен форматтағы паспорттардың скан-көшірмелері сақталатын база жоқ. Цифрлық құжаттар басқа форматта қалыптастырылып, сақталады.

Деректердің тарағаны туралы ақпарат қайдан шықты?

Бұған дейін даркнетте шамамен 15 млн қазақстандықтың дербес деректері бар база сатылымға қойылғаны туралы жарияланым пайда болған.

shymzz13 лақап атымен отырған қолданушы Қазақстан халқының шамамен төрттен үшінің деректері бар базаға ие екенін мәлімдеген. Оның айтуынша, көлемі 2,7 ГБ болатын файлда шамамен 47 млн жол бар.

Хабарландыру авторы базада паспорт деректері, телефон нөмірлері, электрондық пошта мекенжайлары, жұмыс орындары туралы мәліметтер, құжаттардың скан-көшірмелері мен құпиясөздер бар деп мәлімдеген.

Бұл ақпарат тарағаннан кейін Қазақстанның Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі бейінді қызметтермен бірлесіп техникалық тексеру жүргізіп жатқанын хабарлады.

Бұған дейін даркнетте Қазақстанның 15 млн азаматына қатысты деректер сатылымға шығарылғаны туралы ақпарат тарағаны хабарланды

Тағы оқи отырыңыз: eGov бұзылып, 15 миллион қазақстандықтың дерегі тарап кетті ме? – Министрлік жауап берді 

Наверх