15 метр тереңдікке дейін қазған: Абай облысында заңсыз алтын өндірушілер ұсталды

Жаңғызтөбе маңында тоғыз адам алтынды рұқсатсыз өндірген. Заңсыз қазба жұмыстарының ауқымы мен тәркіленген техника таңғалдырмай қоймайды.

10 Қараша 2026, 10:12
АВТОР
 freepik.com 10 Қараша 2026, 10:12
10 Қараша 2026, 10:12
105
Фото: freepik.com

Абай облысының Жарма ауданында алтынды заңсыз өндірген адамдар тобының әрекеті әшкереленді. Олар арнайы техника мен жабдықтарды пайдаланып, рұқсатсыз кен қазған. Заңсыз өндіріс салдарынан мыңдаған текше метр тау жынысы қазылып, жердің құнарлы қабаты бүлінген.

Қаржылық мониторинг агенттігінің Абай облысы бойынша департаменті прокуратураның үйлестіруімен заңсыз алтын өндіруді ұйымдастырған адамдар тобының әрекетін тоқтатты.

Тергеу мәліметінше, қылмыстық топ Жаңғызтөбе кентінен шамамен 10 шақырым қашықтықта тиісті рұқсат құжаттарынсыз алтын өндірген. Олар құрамында алтыны бар кенді ашық әдіспен қазып алып, арнайы жабдықтардың көмегімен шайған.

Аумақты тексеру барысында тереңдігі 15 метр болатын карьер анықталды. Заңсыз қазылған тау жыныстарының көлемі 12 мың текше метрден асқан. Бұдан бөлек, 4 мың шаршы метрден астам жердің құнарлы топырақ қабатына зақым келген, - деп хабарлады ҚМА.

Жедел-іздестіру шаралары нәтижесінде заңсыз кен өндіруге қатысы бар тоғыз адам анықталды.

Оқиға орнынан кенді шаюға және ұсақтауға арналған жабдықтар, құрамында алтыны бар материал салынған жеті қап, екі металл іздегіш құрал, екі тиегіш пен бір экскаватор тәркіленді.

Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеп-тексеру жалғасып жатыр.

Қаржылық мониторинг агенттігі өзге мәліметтерді Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес жария етуге жатпайтынын хабарлады.

Еске салсақ, Қызылорда облысында криптовалютаны заңсыз айырбастап, қылмыстық жолмен алынған ақшаны заңдастырған адамдарға  сот үкімі шықты. Олар Binance платформасының P2P қызметін пайдаланып, 1 млрд теңгеден астам сомаға цифрлық активтерді заңсыз сатқан. Қылмыстық әрекеттен түскен табыс 178 млн теңгеге жеткен.

Тағы оқи отырыңыз: Қазақстанда 191 млрд теңге интернет-казиноға аударылған: Қылмыстық іс сотқа жолданды 

Өскеменде заңсыз алтын өндіргендер 4 жылға сотталды 

Наверх