15-20 млн теңгеге 1 күндік шоу өткізгенше, сол ақшаға спорт алаңдарын салатын уақыт жетті - Садырбай

2 Ақпан 2022, 21:18
1264
Бөлісу:
15-20 млн теңгеге 1 күндік шоу өткізгенше, сол ақшаға спорт алаңдарын салатын уақыт жетті - Садырбай

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ұлттық кеңес мүшелері саяси реформаларды жалғастырудың негізгі бағыттарын талқылады.

Ұлттық Кеңес сарапшылары бүгін астанада бас қостық. Басты мақсат алдағы уақытта жүзеге асатын саяси реформа бойынша ұсыныстарды ортаға салу, талқылау, пікір алмасу. Регламент бойынша берілген 3 минутта әр спикер (40 қа жуық) өз ұсынысымыз бен пікірлерімізді айтып үлгеруге тырыстық.  Мен де өзіме сөз тиген мезетті пайдаланып жастар саясаты туралы заңнан бастап жастарды мазалап жүрген ең басты мәселелерді айтып шықтым. Олар жұмыссыздық, баспана, квота, гранттар саны, ауыл жастары мен жас кәсіпкерлерге берілетін жеңілдіктер және т.б. мәселелер, - деп жазды әлеуметтік желідегі парақшасында Асхат Садырбай.

Ол жастармен айналысатын ұйымдардың жұмысы өте әлсіз екенін атап өтті.

 Аймақтарды былай қойғанда бұл ірі мегаполистерде де кездесіп отырған үлкен мәселе. Бір ғана Жастар ресурстық орталығы жастардың сұраныстарын қанағаттандыра алмайды. Жастар ұйымдарына қатысты сұрақ көп. Аталмыш ұйымдар жыл сайын мемлекеттік бюджеттен қаншама гранттар, тапсырыстар алады. Атқарылған жұмыстардың есебі қағазда ғана. Іс жүзіндегі нәтиже мүлдем басқа. Түрлі санаттағы жастардың мәселелері жылдан жылға қордаланып келеді. Жастар ұйымдарына қойылатын талап пен тапсырмаларды қайта қарау керек. Өткізілетін іс-шаралардың басым бөлігі көпшіліктің қатысуымен өтетін бір күндік шаралар. Жүйелі түрде жүргізіліп жатқан жұмыс өте аз. 15-20 млн теңгеге 1 күндік шоу, айтыс, би кештерін өткізгенше сол ақшаға спорт алаңдарын салатын уақыт жетті деп ойлаймын. Жастардың кітапқа деген қызығушылығын оятатын, білімге құштарлығын арттыратын, қаржылық, заң сауатын ашатын, патриоттық рухын көтеретін сауатты жобаларды жасауын талап етуіміз керек. Ал концерт немесе басқа да шоуларды демеушілердің қаржысымен өткізсе де болады, - деп жазды ол.
 

Өзгелердің жаңалығы