13 жыл сәби күткен отбасының арманы орындалды

21 Мамыр 2024, 16:52
1454
Бөлісу:
13 жыл сәби күткен отбасының арманы орындалды
Фото: «MARIYAM» ҚҚ

Отбасын құрған әр жұптың көңіл түкпірінде ата-ана атансақ деген тілек жататыны анық. Алайда тағдырдың кей шаңыраққа бұл бақытты бірден бұйырта бермейтіні бар. Десе де, сынақ бар жерде күрес бар, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Көбі сәби үнін есту үшін медицинаның күшіне мойынсұнып жатады. ЭКҰ – жұбайлардың жалғыз үміт сәулесі. Бірақ медицинадағы бұл әдіс арзан тұрмайды.

Ал «Аңсаған сәби» мемлекеттік квотасы бәріне бірдей жете бермейтіні анық. Денсаулығына байланысты квотаның арнайы шарттарына сай келмей, шет қалып жататын келіншектер қаншама. Өз алдына қам қылайын десе, қоңыр тіршілік кешіп отырған отбасының қысқа жібі күрмеуге келмейді. Қайтпек керек? Міне, осындай шарасыз күйде жүрген шаңырақтар үшін тағы бір үміттің сәулесі жылт етті. Танымал тележурналист, қоғам қайраткері – Ләйлә Сұлтанқызы өткен жылы «MARIYAM» ҚҚ негізін қалаған еді.

Мақсаты – «Аңсаған сәби» мемлекеттік квотасына іліге алмай қалған жұптарға қол ұшын созу. Қол діттегеніне жетіп келеді. Бүгінге дейін қордың қаржыландыруымен бедеулік диагнозына шалдыққан 27 отбасылық жұпқа тегін ЭКҰ жасалып, 9 сәби дүние есігін ашты. Тоғыз келіншек жылдар бойы аңсаған ана бақытына қол жеткізді. Сондай жұптардың бірі – Арман мен Гүлден.

Олар «MARIYAM» ҚҚ өзінің тағдырын баяндап, диагнозы көрсетілген құжаттар негізінде өтінім жолдады. Елордалық жетекші репродуктолог-дәрігерлер пациенттің хатымен танысып, Қамқоршылық кеңестің отырысында көмек көрсету бойынша шешім қабылдады. 

Білікті дәрігерлердің тәжірибесі мен көптің тілеуінің арқасында ШҚО тұрғындары – Алинова Гүлден мен Мескенов Арман 13 жылдан кейін ата-ана атанып, тұңғыштарын бауырына басты. Осылайша 29 сәуір күні Медина есімді ханшайымның ата-анасы атанды. Алдағы уақытта да қамшы ұстар мен кесте тігер бүлдіршіндеріміз аман-есен дүние есігін ашсын деген ізгі тілегіміз бар, - делінген хабарламада.

Өзгелердің жаңалығы