Абай-175: 13 жасар павлодарлық Абайдың 30 өлеңін жатқа біледі

30 Қаңтар 2020, 21:31
2600
Бөлісу:
Абай-175: 13 жасар павлодарлық Абайдың 30 өлеңін жатқа біледі
Фото: автордан

Павлодар, BAQ.KZ тілшісі. Ертіс өңірінің мектеп оқушылары ұлы ақын Абай Құнанбаевтың өлеңдерін оқуға құмар. Қазақ сыныптарымен қатар, орыс тілінде білім алатын балалар Абай шығармашылығын зерттеп, одан сабақ алуға ниетті.

Сондай зерек оқушылардың бірі - Кирилл Свиридов. Жеткіншек Абай өлеңдерінен тағылым алуды мақсат етеді. Ұлы тұлғаның шығармашылығына қызыққаны соншалық, алдағы уақытта қазақ тілін жетік меңгеруді көздеп отыр.

Жетінші сыныпта оқитын Кирилл - түрлі деңгейдегі шығармашылық байқаулардың жүлдегері. Ол - Павлодар қаласында өткен "Абай оқулары", "Мың бала" ғылыми-ағартушылық жобасының жүлдегері. Сонымен қатар, былтыр қазақ тілі пәні бойынша "Поэзия, менімен егіз бе едің?" республикалық шығармашылық олимпиадасында жеңіске жетті.

1236 (2).jpg

Біз әлем таныған Абайды білуіміз керек. Дара тұлғаның өмірі - өнеге, шығармашылығы - сарқылмас қазына. Мектепте қазақ тілі және әдебиет пәнінде Абайдың шығармашылығымен жақынырақ танысып жүрміз. Бізге керек дүние деп білемін. Атамыз достық, еңбек, адамгершілік туралы айтып кеткен нақыл сөздері келер ұрпаққа рухани азық қой, - дейді 13 жасар Кирилл Свиридов.
Дарынды бала Абайдың шығармашылығын үшінші сыныптан зерттеп келеді. Бүгінде жеткіншек қазақ тілі мен ағылшын тілдерін меңгеруге ден қойған. Биология пәнін де жақсы көреді. Шахмат пен күреске де құштар.

Мектеп оқушыларын Абай шығармашылығына баулуды көздейміз. Олардың өлеңдерді тек жатқа біліп, мәнерлеп оқуларына ғана емес, әр шығарманың мағынасын тереңнен түсінуін мақсат етеміз. Кирилл - арпа ішіндегі бір бидай. Еңбеккқор әрі жауапкершілігі мол бала. Мақсаттарына жеткісі келеді, ал біз қолдау көрсетеміз, - дейді қазақ тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі Мәнзила Төлеубаева.
Кирилл Свиридов қазақ тілін жетік меңгерген соң Абайдың "Қара сөздерінің" мән-маңызын тереңнен түсінсем дейді. Сондықтан, қазақ тілі пәнін тереңдетіп оқып жатыр.
Өзгелердің жаңалығы