13 өңірде ауа райына байланысты дауылды ескерту жарияланды

28 Шілде 2022, 22:12
2841
Бөлісу:
13 өңірде ауа райына байланысты дауылды ескерту жарияланды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Синоптиктер ауа райына байланысты 13 өңірде дауылды ескерту жариялады.

"Қазгидромет" мәліметінше, Нұр-Сұлтан қаласында найзағай ойнап, күндіз бұршақ жауады. Солтүстік-батыстан соғатын жел солтүстік-шығысқа ауысып, күндіз екпіні 15-20 м/с құрайды. Қарағанды облысының солтүстік жартысында найзағай, бұршақ күтіледі. Жел солтүстік-батыс бағыттан солтүстік-шығыс бағытқа ауысып, найзағай кезінде күші 18-23 м/с артады. 

Маңғыстау облысының солтүстік-шығысында найзағай ойнап, солтүстік-батыстан жел соғады, өңірдің солтүстік-шығысында, оңтүстігінде жылдамдығы 15-20 м/с жетеді. Ақтөбе облысының оңтүстігі мен батысында найзағай күтіледі. Солтүстік-шығыстан, солтүстіктен жел соғады, өңірдің оңтүстігі мен шығысында екпіні 15-20 м/с құрайды. 

Күндіз Батыс Қазақстан облысының батысында, солтүстік-батысында найзағай ойнайды. 

Күндіз Ақмола облысының солтүстігінде, батысында қатты жаңбыр жауады. Облыстың басым бөлігінде найзағай күтіледі. Күндіз өңірдің солтүстігінде, батысында, шығысында бұршақ жауып, дауыл тұрады. Солтүстік-батыстан соғатын жел солтүстік-шығысқа ауысып, күндіз өңірдің солтүстігінде, батысында, шығысында екпіні 15-20 м/с артады. 

Күндіз Түркістан облысының тауларында найзағай ойнап, солтүстік-батыстан жел соғады. Өңірдің солтүстігінде, таулы аудандарында желдің күші 15-20 м/с артады. Облыстың басым бөлігінде төтенше өрт қаупі сақталады. 

Күндіз Шығыс Қазақстан облысының солтүстігінде, шығысында найзағай күтіледі. Жел солтүстік-батыстан, батыстан соғады, облыстың шығысында, оңтүстігінде күші 15-20 м/с құрайды. 

Таңертең және күндіз Абай облысының солтүстігінде, батысында, орталығында найзағай ойнап,солтүстік-батыстан, батыстан жел соғады. Өңірдің оңтүстігінде екпіні 23 м/с жетеді. Облыстың оңтүстігінде төтенше өрт қаупі сақталады. 

Қызылорда облысының солтүстігінде найзағай болжанады. Жел солтүстік-батыстан соғады, облыстың солтүстігінде, орталығында күші 15-20 м/с жетуі ықтимал. Облыстың басым бөлігінде төтенше өрт қаупі сақталады.

Павлодар облысында қатты жаңбыр, найзағай, бұршақ, дауыл күтіледі. Солтүстік-шығыстан жел соғады, найзағай кезінде екпіні 15-20 м/с артады. 

Солтүстік Қазақстан облысының басым бөлігінде жаңбыр жауады. Түнде өңірдің солтүстігі мен батысында қатты жаңбыр болжанады. Сондай-ақ бұршақ, дауыл, тұман күтіледі. Желдің екпіні 23 м/с күшеюі ықтимал. 

Алматы облысында 29-31 шілдеде Іле Алатауында қатты жаңбыр, бұршақ, дауыл күтіледі. Кей жерлерде найзағай ойнап, найзағай кезінде екпіні 15-20 м/с артады. Жетісу Алатауында кей жерлерде найзағай ойнап, найзағай кезінде екпіні 15-20 м/с жетеді. Қырғыз Алатауында кей жерлерде найзағай ойнап, кей жерлерде күші 15-20 м/с артады. Талас Алатауында 30-31 шілде найзағай, дауыл болжанады. Найзағай кезінде екпіні 15-20 м/с артады. Батыс Алтайында кей жерлерде найзағай ойнап, 30 шілдеде кей жерлерде бұршақ, дауыл болжанады. Найзағай кезінде күші 15-20 м/с артады. Тарбағатайда найзағай, 15-20 м/с жылдамдықта жел күтіледі.

Өзгелердің жаңалығы