«100 жаңа есім» жеңімпазы: Арманым - чемпиондарды тәрбиелеу

13 Ақпан 2019, 17:47
2622
Бөлісу:
«100 жаңа есім» жеңімпазы: Арманым - чемпиондарды тәрбиелеу

Астана, BAQ.KZ тілшісі. Қазмедиа орталығында Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың 2018 жылғы «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасы жеңімпаздарымен кездесуі өтіп жатыр.

Жиында сөз сөйлеген жеңімпаздардың бірі – Жүзуден халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Әлем кубогінің төрт дүркін иегері, Азия ойындарының екі мәрте жеңімпазы Ержан Сәлімгереев. 

Ержан Сәлімгереевтің тағдыры 9 жасында күрт өзгерген. Ауылдағы достарымен асыр сап ойнап жүрген бала абайсызда тоқ сымына тартылып қалып, бір қол, бір аяғынан айырылады. Осыдан кейін ол жарты жыл арбада отырып, кейіннен балдақпен жүруге көшеді. Бірде оған достары мүмкіндігі шектеулі жандардың спорт орталығына баруға кеңес береді. Осылайша, ол осы спортқа ден қояды.

«Спорт менің өмірімді түбегейлі өзгертті. Өзім ешқандай қиыншылыққа қарамай, алға мақсат қойып, күніне екі сағат жаттығып, үлкен жетістіктерге жеттім. Өздеріңіз білетіндей, Индонезияның Джакарта қаласында өткен Жазғы параолимпиада ойындарында қос алтын медаль еншіледім. 50 метрді 31 секундта бағындырсам, 100 метрді 1 минут 8 секундта бағындырдым. Бұл менің жеке рекордым. Құрметті Елбасы, осы сәт менің жадымда мәңгі сақталады. Өзіңіз үнемі айтып жүретіндей, адам өзін-өзі тәрбиелеп, алдына мақсат қойса, алынбайтын қамал жоқ. Тек осы сөз бәріміздің жадымызда болу тиіс деп ойлаймын. Тек өзінің армандарын ұмытпай, ештеңеге қарамай, алға ұмтылу керек. Ендігі менің арманым – өзімнің туған ауылымда спорттық нысан салып, болашақ чемпиондарды тәрбиелеу. Сонымен қатар, Жапонияның Токио қаласында өтетін Жазғы параолимпиада ойындарында көк туымызды желбіретіп, бүкіл әлемге таныту. Сол үшін бар күш – жігерімді саламын», - деді Ержан Сәлімгереев.

Бұған дейін "100 жаңа есім" жеңімпаздарының есімдерін жариялаған болатынбыз.

Қымбат Елтайқызы


Өзгелердің жаңалығы