10 мыңға жуық астаналық жасөспірім Pfizer вакцинасын алды

24 Ақпан 2022, 17:59
1197
Бөлісу:
10 мыңға жуық астаналық жасөспірім Pfizer вакцинасын алды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Әлия Рүстемова хабарлады. Оның айтуынша, індет көрсеткіштерінің жақсаруы қалада сырқаттанушылықтың төмендегенін білдіреді. 

Бұған өзіндік факторлардың әсер еткенін мойындау керек. Біріншіден, азаматтар өз денсаулығына салғырт қарауды тоқтатты, организмдерін нығайтып келеді. Екіншісі, әрине, коронавирусқа қарсы вакцинация және ревакцинация жұмыстарының ықпалы болды, - деп атап өтті басқарма басшысының орынбасары. 

Сонымен қатар ол жыл басында жаңа штамның пайда болуы тұрғындар арасында вакцина алуға белсенділік танытуға ықпал етті деп санайтынын алға тартты. 

Бүгінгі таңда елордада 509 мыңнан астам азамат вакцинаның бірінші компонентін алды. 479 мыңнан астам адам иммундаудың толық курсынан өтті. Қайталама вакцинаны 88 мыңнан астам тұрғын қабылдады. Осылайша, қалада вирустың тез таралуына жол бермейтін белгілі бір иммундық қабат пайда болды десек те болады. Pfizer препаратымен вакциналау бойынша айтар болсақ, 9 600 мың жасөспірім, 5 400 бала емізетін аналар, 340 жүкті әйелдер екпені қабылдады, - деді ведомство өкілі. 

Еске сала кетейік, бұған дейін қаңтарда коронавирустан қайтыс болғандардың барлығы дерлік – вакцина алмағандар екендігі туралы жазған болатынбыз. 

Өзгелердің жаңалығы