Казгидромент алдағы үш күнге болжам жасады. Синоптиктердің болжамынша, Қазақстанның басым бөлігінде батыстан жылжыған циклон мен атмосфералық фронттардың өтуіне байланысты жауын-шашын күтіледі, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
10-11 ақпан күндері елдің солтүстігінде, солтүстік-батысында, оңтүстігінде, оңтүстік-шығысында және орталық аймақтарында, ал 11 ақпанда шығыс өңірлерде жаңбыр мен қар түрінде қатты жауын- шашын болады деп күтілуде.
Республика аумағында көктайғақ, бұрқасын, жел күшеймек.
Синоптиктердің мәліметінше, тек кезеңнің соңында батыс антициклонының әсерінен жауын-шашын тоқтап, ауа температурасы төмендейді.
Осылайша, елдің солтүстігінде, солтүстік-батысында және орталық өңірлерінде түнгі уақытта ауа температурасы 22-30 градус аязға дейін, күндіз 15-20 градус аязға дейін төмендейді. Шығыс аймақтарда түнде 13-23 градус аяз, күндіз 12-20 градус аяз күтіледі. Ал оңтүстікте түнгі температура 10-20 градус аязға дейін түссе, күндіз 5 градус аяздан 5 градус жылуға дейін құбылады.
Мамандар қолайсыз ауа райына байланысты жолға шыққанда сақ болуға, алыс сапарларды кейінге қалдыруға және ауа райы болжамын мұқият қадағалауға кеңес береді.