1 тәулік ішінде 96 жүргізуші «асығамын деп» айыппұл арқалады

25 Шілде 2019, 21:21
1775
Бөлісу:
1 тәулік ішінде 96 жүргізуші «асығамын деп» айыппұл арқалады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. «Қауіпсіз жол» жедел алдын алу іс-шарасы барысында Алматы облысының полицейлері бір тәулік ішінде жылдамдық тәртібін сақтамаған 96 көлік жүргізушісіні анықтап, әкімшілік жауапкершілікке тартты. Бұл туралы облыстық ПД баспасөз қызметі хабарлады.

24 маусымда басталған «Қауіпсіз жол» республикалық іс-шарасы жолаушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, жол қозғалысы ережелерінің қатаң сақталуын қадағалау мақсатында өткізіледі.

Осыған орай, облыстағы тәртіп сақшылары республикалық және жергілікті маңыздағы автожолдарда түрлі шаралар қабылдап, жүргізушілер тарапынан жол ережесін бұзудың алдын алу және түсіндіру жұмыстарын жүргізді.

«Іс шараның алғашқы күні облыста жол қозғалысының ережесін бұзудың 738 дерегі тіркелді. Жол жүру ережесін өрескел бұзып, белгіленген жылдамдық режимін сақтамаған 96 жүргізуші анықталса, жолдың қарама-қарсы бағытына өткен 4 автокөлік жауапкершілікке тартылды. Жол сақшылары темір тұлпарын алкогольдік немесе есірткіге мас күйде басқарған 16 деректі әшкереледі», - деп хабарлады Алматы облысы ПД баспасөз қызметі.

Сонымен қатар, көлік қозғалысы кезінде ұялы телефон пайдаланған 84 жүргізушіге хаттама толтырылып, айыппұл салынды.

Полицейлердің ақпараты бойынша жол қауіпсіздігін бақылау күшейтілген іс-шара әлі 4 күнге жалғасады.

 

Өзгелердің жаңалығы