1 қаңтардан бастап Конституциялық сот жұмыс істейді

26 Желтоқсан 2022, 16:27
2318
Бөлісу:
1 қаңтардан бастап Конституциялық сот жұмыс істейді

Елімізде 1 қаңтардан бастап Конституциялық сот жұмыс істейді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Әділет вице-министрі Алма Мұқанова Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте келесі жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстанда Конституциялық сот жұмыс істей бастайтынын айтты.

Биыл 5 қарашада Конституциялық сот туралы Конституциялық заң қабылданды, оған сәйкес конституциялық іс жүргізуде адвокаттар мен заң консультанттары азаматтардың өтініштерін қарау кезінде өкіл бола алады, - деп айтты ол.

Сондай-ақ, Конституциялық заңда адвокаттың немесе заң кеңесшісінің еңбекақысы бойынша мемлекет кепілдік берген заң көмегі институтын конституциялық іс жүргізуге таратудың алғышарттары бар.

Енді Конституциялық заңның ережелерін іске асыру үшін Әділет министрлігі осындай көмек алудың тиісті тетіктерін әзірлеу бойынша жұмыстар жүргізіп жатыр.

Азаматтардың конституциялық бақылау органына тікелей жүгіну институтының жаңалығын және тұтастай алғанда Конституциялық соттың жаңалығын ескере отырып, мұқият талдау мен қаржылық есептеулер жүргізу қажет. Жүргізілген жұмыстың қорытындысы бойынша «Адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы» заңға толықтырулар енгізу жөнінде тиісті шаралар қабылданады, - деп атап өтті Алма Мұқанова.

Өзгелердің жаңалығы