1 млн долларлық жүлде: Астанада Dota 2-ден 16 команда күш сынасады

28 Шілде 2026, 11:15
АВТОР
 Туризм және спорт министрлігі 28 Шілде 2026, 11:15
28 Шілде 2026, 11:15
150
Фото: Туризм және спорт министрлігі

Астанаға Dota 2 бойынша әлемнің ең мықты командаларының бірі – Xtreme Gaming және Vici Gaming келді. Олар Samruk-Kazyna қолдауымен өтетін «Болашақ ойындары – 2026» (GOTF 2026) халықаралық турнирінде өнер көрсетеді.

Xtreme Gaming командасы Қазақстанға «Болашақ ойындарының» қазіргі чемпионы ретінде келіп отыр. Команда сапында Ame, NothingToSay, Xxs, fy және xNova сынды танымал ойыншылар бар. Сонымен қатар ұжым The International 2026 турниріне тікелей жолдама алған.

Vici Gaming – Dota 2 тарихындағы ең танымал киберспорт ұйымдарының бірі. Команда The International турнирінің финалына дейін жетіп, ұзақ жылдар бойы әлемдегі жетекші халықаралық жарыстарда тұрақты жоғары нәтиже көрсетіп келеді.

Олармен бірге елордаға Team Resilience және Zero Tenacity командалары да келді. Бұл ұжымдар да Bank CenterCredit қолдауымен өтетін MOBA PC Dota 2 дисциплинасында чемпиондық үшін бақ сынайды.

Турнирге қазақстандық Rune Eaters командасы да қатысады. Команда сапында Даниял Әлібай, Әбдімәлік Сайлау, Әлім Беспаев, Айбек Тоқаев және Никита Остахов өнер көрсетеді.

Сол күні елордаға DIGA Esports командасы да жетті. Қазақстандық ұжым еліміздің намысын Alatau City Bank қолдауымен өтетін Battle Royale, PUBG: BATTLEGROUNDS дисциплинасында қорғайды.

Dota 2 турниріне жалпы 16 команда қатысады. Олар 1 миллион АҚШ доллары көлеміндегі жүлде қорын сарапқа салады. Ойындар 2-5 тамыз аралығында Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайында өтеді.

Ал Battle Royale, PUBG: BATTLEGROUNDS бойынша жарыстар 31 шілде мен 2 тамыз аралығында BEELINE ARENA Ұлттық теннис орталығында ұйымдастырылады.

«Болашақ ойындары – 2026» халықаралық турнирі 29 шілде мен 9 тамыз аралығында Астанада өтеді. Дүбірлі додаға 50-ден астам ұлттың 800-ден астам спортшысы қатысады.

Айта кетейік, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Астанада 29 шілде күні «Болашақ ойындары-2026» халықаралық фиджитал-турнирі басталады. Премьер-министр Олжас Бектенов Астананың спорттық және қалалық инфрақұрылымын үшінші халықаралық мультиспорттық турнирді өткізуге дайындау барысымен танысты.

Сондай-ақ, Туризм және спорт министрінің орынбасары Серік Жарасбаев «Болашақ ойындары – 2026» халықаралық турнирі аясында елордаға келген Халықаралық киберспорт федерациясының президенті Влад Маринескуді Астана халықаралық әуежайынан қарсы алды.

Тағы оқи отырыңыз:
 
 
Наверх