29 шілде мен 9 тамыз аралығында Астана халықаралық мультиспорттық «Болашақ ойындары-2026» (GOTF 2026) турнирін қабылдап, фиджитал-спорттың астанасына айналады. Бұл жарыстар классикалық спорт түрлері мен киберспортты бір форматта біріктіреді.
Турнирдің басты ерекшелігі - командалар алдымен таңдалған спорт түрінің цифрлық нұсқасында бақ сынасады. Содан соң матчты нақты спорт алаңында жалғастырады. Мысалы, фиджитал-футболда қатысушылар алдымен футбол симуляторын ойнайды. Одан кейін нағыз жасыл алаңға шығады. Басқа спорт түрлері де осы принцип бойынша өтеді.
Бағдарламаға барлығы сегіз бағыт енді:
Турнирге халықаралық клубтарға біріккен 50-ден астам ел мен ұлттан 800-ден астам спортшы қатысады деп күтілуде. Жарыстың жалпы жүлде қоры 4 миллион доллардан асады.
Ойындар елорданың бірнеше ірі спорт алаңдарында қатар өтеді: «Qazaqstan» жеңіл атлетикалық спорт кешенінде, «Beeline Arena» (Ұлттық теннис орталығы), «Барыс Аренада» және Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайында.
Ұйымдастырушылардың мәліметтері мен IPSOS зерттеуіне сәйкес, өткен «Болашақ ойындары» турнирі бүкіл әлемде үлкен қызығушылық тудырған. 2025 жылғы жарысқа 850-ден астам қатысушы жиналып, трансляциялар 461 миллионнан астам қаралым жинады және 137 миллион бірегей көрерменді тартты. Сондай-ақ, турнирге ондаған мың жанкүйер келген.
«The Games of the Future 2026 Astana» ойындарына билеттер сатылымы басталып кетті. Ұйымдастырушылар бұл жарыс Қазақстандағы жылдың ең ірі халықаралық спорттық-технологиялық оқиғаларының біріне айналады деп күтуде.