Түркістан облысы Кентау қаласындағы Әл-Фараби атындағы №14 мектеп-гимназияға бастауыш сынып мұғалімі болып жұмысқа орналасуға уәде берген адам азаматтан 1 миллион теңге алғаны туралы ақпарат тарады. Түркістан облысының білім басқармасы осы мәселе бойынша полиция тергеу жүргізіп жатқанын мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Мәселе Ләззат Асанованың әлеуметтік желідегі жазбасында көтерілген. Оның мәліметінше, шағымданушы азаматшаға мектепке бастауыш сынып мұғалімі болып жұмысқа орналасуға уәде беріліп, одан 1 миллион теңге алынған.
Білім басқармасы не дейді?
Түркістан облысының білім басқармасы жазбада сөз болған мектеп қызметкері 2022 жылғы 1 қыркүйекте Кентау қаласындағы «Әл-Фараби атындағы №14 мектеп-гимназия» КММ-не директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары болып тағайындалғанын хабарлады.
2026 жылғы 2 ақпаннан бастап ол Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 38-бабының 1-тармағына сәйкес директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары лауазымына ауыстырылған.
Қала тұрғынының шағымы бойынша оқиға орнына учаскелік полиция қызметкерлері мен тергеушілер барып, азаматшадан жазбаша арыз қабылдаған. Қазіргі уақытта арыз бойынша полиция қызметкерлері қолданыстағы заңнамаға сәйкес тиісті шаралар қабылдап, тергеу амалдарын жүргізіп жатыр.
Осыған байланысты жазбада көрсетілген мән-жайлар мен деректерге құқықтық баға тергеу нәтижесі бойынша беріледі, – деп хабарлады басқарма.
Сонымен қатар білім басқармасы №14 мектеп-гимназияда бастауыш сынып мұғалімі лауазымына бос орын жоқ екенін мәлімдеді. Осыған байланысты аталған лауазым бойынша конкурс жарияланбаған.
Қазіргі уақытта білім беру ұйымында бастауыш сынып мұғалімдеріне тапшылық жоқ, – делінген жауапта.
Білім басқармасының мәліметінше, білім беру ұйымы 1990 жылы 1266 оқушы орнына есептеліп, пайдалануға берілген.
Қазір мектепте 1950 оқушы екі ауысымда білім алады. Мұнда 180 педагог қызмет атқарады.
Білім басқармасы аталған мәселе тиісті мемлекеттік органдардың бақылауында екенін атап өтті. Тергеу қорытындысы бойынша заңнама талаптарына сәйкес тиісті шешім қабылданады.
Ескерту: 1 миллион теңге алу туралы ақпарат шағымданушының сөзіне негізделген. Оның растығына құқықтық баға тергеу нәтижесінде беріледі.
Еске сала кетейік, кеше де Түркістан облысында мектепте шу шыққанын хабарлаған болатынбыз. Сарыағаштағы мектепте қоғам белсенділері мен қызметкерлер сөзге келіп қалған видео тарады.