Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін Мәжілісте депутат Владислав Косарев белсенділік танытты. Ол екі бірдей жиналыста сұрақ қойды.
Алдымен Мәжілісте тұтынушылар құқығын қорғау мәселелеріне енгізілген түзетулерді талқылау кезінде депутат сауда және интеграция вице-министрі Қайрат Төребаевтан жетістіктерін айтып, мақтана бермеуді өтінді.
Біздің елде кез келген кәсіпорынның "крышасы" бар. Мен жақында ауылда болдым. Сонда бір үлкен ферманың иесі: "Депутат, қараңыз салмағы 470-500 келі тартатын 400 бұқа союға дайынмын. Бірақ оны ет комбинатына тапсыра алмаймын. Өйткені ет комбинаты оны қабылдамайды. Себебі ет комбинаты директордың жиенінен сатып алады. Бұл қандай бассыздық? Елдегі осындай үлкен мәселелерге көз жұмып қарайсыздар. Сіз мемлекеттік органнан келіп тұрсыз. Сондықтан жауапкершілік жоғары болу керек" деді, - деп ферма иесінің сөзін жеткізді мәжілісмен.
Одан кейін жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша түзетулер кезінде агенттіктің (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі - тілші) ірі қылмыстарды ашпай жатқанын айтты.
Сыбайлас жемқорлықпен күрес туралы заңнаманы бірінші рет талқылап отырған жоқпыз. Осы жерде айтарым, кім кімге қандай сыйлық берді, кім кімді үйіне қонаққа шақырды дегенді аңдып, ұсақ-түйекпен айналысатын болса, агенттік беделінен айырылады. Біз қазір толықтырулар мен түзетулер енгізетін заң жобасын қатаңдатуымыз керек. Сондықтан Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттік ірі істермен айналысуы тиіс. Әсіресе сыртқа шығып кеткен ақшаларды қайтаруды ойлауы керек. Өтірік "жемқорлықпен күресіп жатырмыз" деген түр жасаудың қажеті жоқ, - дейді Косарев.
Айта кетейік, өткен аптада Мәжілістің халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінде "ҚР кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасының таныстырылымы болған. Сол кезде депутат Владислав Косаревтің көзі жұмылып отырғаны камераға түскен еді. Сол бейнеролик қоғамда біраз талқыға түсті.