"Қостанай жылу энергетикалық компаниясы" 3 млн теңгеге жуық айыппұл төлейді

8 Маусым 2020, 10:45
2250
Бөлісу:
"Қостанай жылу энергетикалық компаниясы" 3 млн теңгеге жуық айыппұл төлейді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ.  Жоспардан тыс тексерудің нәтижелері негізінде "Қостанай жылуэнергетикалық компаниясы" МКК әкімшілік жауапкершілікке тартылды, деп хабарлады Табиғи монополияларды реттеу комитетінің баспасөз қызметі.

Қостанай облысы бойынша табиғи монополияларды реттеу департаменті қала тұрғындарының ұжымдық өтініштері негізінде жүргізілген жоспардан тыс тексеру кезінде "Қостанай жылу энергетикалық компаниясы" МКК-ның жылумен жабдықтау қызметін сапалы көрсету талаптарын сақтамау бойынша бұзушылықты анықтады.

Электр станциялары мен желілерін техникалық пайдалану ережелеріне сәйкес, жылу желісіне келіп түсетін су температурасының ±3 % - ға дейін ауытқуына жол беріледі. Ал кәсіпорынның жылу энергиясын беру ауытқуы 10% - ды құрады. Бұл тұтынушылардың пәтерлеріндегі ауаның төмен және ыстық сумен жабдықтау жүйесіндегі температураның жеткіліксіз болуына әкелді.

Сондықтарн табиғи монополия субъектісіне қатысты "Әкімшілік құқық бұзушылық туралы" Қазақстан Республикасы Кодексінің 164-бабының 4-бөлігі бойынша әкімшілік іс қозғалды.

Алайда, жоғарыда көрсетілген тұлғаның өтініші келіп түсуіне байланысты әкімшілік іс Қостанай қаласының Мамандандырылған әкімшілік сотына қарауға берілді. Аталған істі сотта қарау нәтижесі бойынша "Қостанай жылу энергетикалық компаниясы" МКК-ге  2 969 120 теңге көлемінде айыппұл салынып, әкімшілік жауапкершілікке тартылды, - делінген хабарламада.
Өзгелердің жаңалығы