Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Елімізде биылғы бірінші жартыжылдығының қорытындысы бойынша өңдеу өнеркәсібінің өсімі 4,8%-ды құрады. Өңдеу өнеркәсібінің негізгі капиталына салынған инвестициялар көлемі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 6,1%-ға ұлғайып, 373,1 млрд теңгеге жетті, деп хабарлады ИИДМ баспасөз қызметі.
Әлемді жайлаған пандемияның салдарынан халықаралық саудаға байланысты шектеулер нәтижесінде өңдеуші өнеркәсіп өнімі экспортының көлемі қаңтар-мамырда 18,6% азайып, 5,2 млрд долларды құрады. Сонымен қатар 1 тоқсанның қорытындысы бойынша секторда жұмыспен қамтылғандар саны 601,4 мың адамды құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 1,4% артты, - делінген хабарламада.2020 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша өңдеуші өнеркәсіптің 16,4 мың кәсіпорны жұмыс істейді. Индустрияландыру картасы аясында, жыл соңына дейін 17 мыңнан астам тұрақты жұмыс орны құрылып, 160 жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Бірінші жартыжылдығының қорытындысы бойынша шамамен 900 жұмыс орны құрылуымен жалпы құны 23,7 млрд теңгеге 4 жоба іске қосылды.
Пандемия кезінде жеке қорғаныс құралдарына (ЖҚҚ) деген сұраныстың артуына байланысты 4 жаңа жоба іске қосылды. Сондай-ақ, биыл Шығыс Қазақстан облысында Ақтоғай МӨЗ-ның қайта өңдеу қуатын кеңейту, Жамбыл облысында минералды тыңайтқыштар өндіретін зауыт салу, Аұмола облысында жаңа өңдеу кешенінің құрылысы және тау-кен байыту комбинаты құрылысы, Қарағанды облысында шиналар шығаратын зауыт салу сияқты ірі жобалар іске асырылып жатыр.
Жаңа жобаларды енгізу ішкі нарықтағы бірқатар дайын тауар позицияларын ұлғайтуға мүмкіндік береді. ЕЭО келісімі аясында отандық өндіріс автомобильдерін және электротехникалық жабдықтарды Мемлекеттік сатып алу бойынша 2 жылға басымдық белгіленді. Бұдан басқа, мемлекеттік сатып алудың арнайы тәртібі шеңберінде баға ұсыныстарын сұрату тәсілімен мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру үшін отандық тауар өндірушілер тізбесі бекітілді.
Жер қойнауын пайдаланушылар мен олардың мердігерлерінің қатты пайдалы қазбаларды өндіру жөніндегі операцияларды жүргізу кезінде пайдаланылатын тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алу қағидаларына өзгерістер енгізілді.
Бүгінгі таңда Қазақстанда 13 арнайы экономикалық аймақ (АЭА) жұмыс істейді. Оларда 23 мыңнан астам жұмыс орны құрылды. Бюджетке салық түсімі 180 млрд. теңгені құрады. Өнім өндіру көлемі 2,9 трлн теңгені құрады. Барлық АЭА инфрақұрылымын салуға арналған бюджеттік шығындар 344 млрд теңгені құрады. Бұл ретте өңдеу өнеркәсібіне тартылған инвестициялар көлемі шамамен 1,1 трлн теңгені құрап, бюджеттен бөлінген 1 теңгеге 3 теңгеден астам жеке инвестиция тартылды, - деген мәлімет бар.
АЭА тиімділігін арттыру үшін үш жылдық кезеңге арналған даму стратегияларын пысықтау жүргізілуде,сондай-ақ 3 АЭА-ның аумақтары кеңейтілді. Жеңіл өнеркәсіпті дамыту үшін "Оңтүстік" АЭА аумағын кеңейту мәселесі қарастырылуда. АЭА қызметінің жаңа түрлері енгізіліп, 20-дан астам жаңа басым түрін енгізу пысықталуда. Заңнамалық актілерге түзетулер дайындалды. "Қорғас" ШЫХО АЭА тиімділігін арттыру бойынша кешенді жоспар әзірленуде.