Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Премьер-министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаев пен Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек өңір жұртшылығымен кездесті.
Вице-премьер «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауында ел Президентінің алға қойған міндеттерін іске асыру жөніндегі шаралар туралы айтып берді.
Кездесуге сондай-ақ денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов, Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов қатысты.
- Қоғамдық келісім болған кезде оң нәтиже де, әл-ауқат та, гүлдену де болады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұл мәселеге үлкен назар аударады. Бұл мемлекет пен қоғамның арасындағы диалогқа қатысты. Мұнда үкіметтік емес ұйымдардың әлеуетін тарту керек, - деді Бердібек Сапарбаев.
Оның айтуынша, ел Үкіметі екі тұжырымдаманы әзірлеуде: «тыңдаушы мемлекет» және азаматтық қоғамды дамытудың 2025 жылға дейінгі тұжырымдамасы. Олар ағымдағы жылдың соңына дейін дайын болуы тиіс.
- Бұл құжаттарда Ашық үкімет және халықпен тиімді кері байланыс мәселелері қозғалады. Азаматтардың бірде-бір өтініші, бірде-бір шағымы жауапсыз қалмауы керек, - деп атап өтті Бердібек Сапарбаев.
Вице-премьер қоғамдық кеңестердің қызметін күшейту қажеттігін атап өтті. "Формализмді болдырмау үшін олардың жұмысын жақсарту керек" деп есептейді ол.
Бердібек Сапарбаев өз сөзінде білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау және т. б. салаларға қатысты мәселелерді қозғады.
Атаулы әлеуметтік көмек туралы айта келе, ол мемлекеттік қолдау масылдық туғызбауы тиіс екенін атап өтті.
Сонымен қатар, дарынды балаларды қолдау картасы, балалар мүддесін қорғайтын 2030 жылға дейінгі ҚР мемлекеттік саясатының тұжырымдамасы әзірленетін болады.
2019 жылдың соңына дейін жинақтардың кірістілігін арттыру мақсатында зейнетақы активтерін инвестициялау тәсілдерін қайта қарау жоспарланып отыр.
Кездесуге қатысушылар вице-премьерге өз сұрақтарын қойып, оларға жауап алды. Барлық ескертулер мен өтініштер назардан тыс қалмайды, деп сендірді жұртшылықты жиналысқа қатысушылар.