Алматы, BAQ.KZ. Бүгін Алматы қалалық Орталық мешітінде 2500 адамға ауызашар дастарханы жайылып, Қадір түнін мешітте күтушілер үшін 1500 адамға лайықталған сәресі беріледі. Бұл туралы Алматы қаласы Орталық мешітінің баспасөз қызметі хабарлады.
«Өздеріңізге белгілі, ислам ғалымдары Қадір түнін Рамазан айының 27-ші түні деп топшылаған. Сондықтан да мұсылман үмбеті аталған түнді ерекше қадірлеп, құрметтейді. Биыл Қадір түні Алматы Орталық мешітінде арнайы бағдарламада атап өтілмек. Атап айтқанда, жамағатқа білікті отандық дін ғалымдарымыз түрлі тақырыптарда уағыздар айтады. Қариларымыз тамылжыта Құран оқиды. Жамағатқа викториналық сұрақтар қойылып, белсенділік танытқандарға сыйлықтар табысталады», - делінген хабарламада.
Сонымен қатар, Орталық мешітте Рамазан айы бойы мешіт жамағаты арасында өткен «Раббым! Білімімді арттыр!» сайысының қорытындысы жарияланып, жарыс жеңімпазына Ұмра қажылығы беріледі. Парыз бен нәпіл намаздары оқылып, еркін құлшылыққа да уақыт беріледі.