«Қара майормен» қоштасу рәсімі Алматыда өтеді

12 Ақпан 2019, 20:10
2496
Бөлісу:
«Қара майормен» қоштасу рәсімі Алматыда өтеді

Астана, BAQ.KZ. Ауған соғысының ардагері, жауынгерлер арасында «Қара майор» атанған, ҚР Қарулы Күштерінің отставкадағы полковнигі Борис Керімбаевты ақтық сапарға шығарып салу рәсімі 14 ақпанда Офицерлер үйінде өтеді.

Бұл туралы Алматы әкімшілігінің жанындағы Ауғанстандағы соғыс ардагерлері және мүгедектері бірлестіктерінің үйлестіруші кеңес төрағасы Мұрат Әбдішүкіров хабарлады.

«Марқұмды ақтық сапарға шығарып салу шарасы Алматыдағы офицерлер үйінде 14 ақпан таңғы 9.00-ға белгіленді. Одан соң 28 Панфиловшылар саябағындағы Ауған соғысында қаза болғандарға арналған ескерткіш маңында қаралы митинг өтеді»,- деді М.Әбдішүкіров.

Бүгін таңертең "Қара майордың" қайтыс болғаны туралы белгілі болды. Ол 8:50-де өмірден өткен.

Аңызға айналған "қара майор" Борис Керімбаев 1948 жылы 12 қаңтарда Алматы облысының Жамбыл ауданындағы Прудки ауылында дүниеге келген. 1966 жылы Ташкенттегі Ленин атындағы жоғары қолбасшылық училищесіне түсіп, оны аяқтаған соң 1970 жылы Германиядағы кеңестік әскер тобына жіберіледі.

1973 жылы барлау ротасының командирі болады.

1977 жылы штаб басшысының орынбасары, ал кейінірек Теміртаудағы 52 857 әскери бөліміндегі мотоатқыштар батальонының командирі болып тағайындалды.

1980 жылы Эфиопияға аттанады.

Ал 1981 жылы (ГРУ-ға қарасты) 22 (АЖБО) негізіндегі 177 бөлек арнайы жасақ отрядының командирі болып тағайындалады. Керімбаевтың тағдырына әсер еткен дәл осы тағайындау еді. Керімбаев басшылық еткен сарбаздар азиялықтардан (қазақ, қырғыз, өзбек және тәжіктерден) құралғандықтан "мұсылман" батальоны атанып кеткен.

1989 жылы отряд Ауғанстаннан ақырғы болып шықты. Борис Керімбаев басшылық еткен 177-ші отряд сапында генерал-полковник Сәкен Әділханұлы Жасұзақов, генерал-майор Мұқан Естайұлы Дүйсекеев сияқты болашақ қорғаныс министрлері де болған.

Өзгелердің жаңалығы