Ақтөбеде 3 жыл ішінде тұрғындарға 4,6 млн астам мемлекеттік қызмет көрсетілді

29 Сәуір 2019, 22:06
2617
Бөлісу:
Ақтөбеде 3 жыл ішінде тұрғындарға 4,6 млн астам мемлекеттік қызмет көрсетілді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының Ақтөбе облысының филиалы 3 жылдық жұмысының нәтижесі бойынша брифинг өткізді. Корпорация құрылғалы бері аймақта атқарылған жұмыстардың қорытындысын филиал директорының орынбасары Ізбасар Орынбасаров, Жер кадастры басқармасының басшысы Бекзат Оразалин және Ақтөбе қалалық №2 ХҚО бөлімінің басшысы Асхат Оразбаев айтып берді.

Ақтөбе қаласының №2 ХҚО бөлімінің басшысы Асхат Оразбаевтың айтуынша, 3 жыл ішінде аймақ тұрғындарына 4,6 млн астам мемлекеттік қызмет көрсетілді, оның ішінде 2 млн жуық мемлекеттік қызметті ХҚО-ға келген азаматтар "Connection point" өзіне-өзі қызмет көрсету секторлары арқылы алған. Жалпы өңір тұрғындары 744 260 мыңнан астам ЭЦҚ рәсімдеген. Сондай-ақ, осы кезең аралығында 10 мыңнан астам мемлекеттік қызмет азаматтардың үйіне барып көрсетілген. 

«Бүгінгі таңда реестрде 752 мемлекеттік қызметтің 621-і мемлекеттік корпорация арқылы көрсетіледі, ал 506 қызметті электрондық үкімет порталы арқылы алуға болады. Кез келген адам электрондық қызметтерді өз үйінен немесе Connection Point секторларынан өз бетінше ала алады», - деп толықтырды ол.

Мемлекеттік корпорация, сондай-ақ жер учаскелерінің шекарасын белгілеу, елді мекендердің шекарасын (шегін) өзгерту жобаларын әзірлеу сияқты мемлекеттік жер кадастрын жүргізуге байланысты жұмыстарды атқарады. Жер кадастры басқармасының басшысы Бекзат Оразалиннің айтуынша, филиал қызметкерлері 3 жыл ішінде 1 009 гектардан астам жерге зерттеулер жүргізіп, карталардың электрондық нұсқасын жасады.

Сонымен қатар филиалдың зейнетақы мен жәрдемақыларды қайта есептеу жөніндегі әлеуметтік блогы 88 296 мыңнан астам зейнеткерлерге базалық зейнетақы төлемдерін қайта есептеу жүргізді.

Өңірде 2015 жылдың желтоқсанында ашылған мамандандырылған ХҚО арқылы 235 мыңнан астам автокөлік тіркеліп, 68 мыңнан астам жүргізуші куәлігі берілді.

Айта кету керек, «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында 2018 жылы Мемлекеттік корпорация көлікті тіркеу және жүргізуші куәліктерін ауыстыру бойынша онлайн сервистерді іске қосты, қызмет egov.kz порталы арқылы қолжетімді. 

«Биылғы жылдың бірінші тоқсанында 1262-ден астам ақтөбелік жүргізуші куәлігіне тапсырысты онлайн берген. Жаңа технологиялар заманы, ХҚО-ға келмей-ақ бірқатар мемлекеттік қызметті алуға мүмкіндік береді», - деді филиал директорының орынбасары Ізбасар Орынбасаров.

Көлікті Онлайн тіркеу – автокөлікті арнайы ХҚО-ға бармай рәсімдеуге мүмкіндік береді. Порталда қызметті пайдалану үшін сатушы мен автокөлікті сатып алушыда ЭЦҚ болуы тиіс. Жүйе айыппұлдардың, салықтық берешектердің және техникалық байқаудың болуын автоматты түрде тексереді.

Жалпы 3 жыл ішінде "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы үшінші тұлғалардың «Paper free» арқылы электрондық анықтамаларды сұрату сервистерін енгізді. Сонымен қатар 2018 жылдың 21 мамырынан бастап EgovKzBot Telegram боты іске қосылды.

Қазіргі таңда Ақтөбе облыстық филиалында 18 фронт-кеңсе, мамандандырылған ХҚО, көші-қон қызметтері және цифрлық қызметтер орталығы жұмыс істейді. Сондай-ақ халықты зейнетақы және жәрдемақы төлемдерімен қамтамасыз ету бойынша филиалда 2 қалалық, 12 аудандық бөлім қызмет етеді.     

                                                                                                                 

Өзгелердің жаңалығы