Владимир Зеленский Ресей армиясы жағында соғысқан Қытайдың екі азаматын тұтқынға алғанын мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі BCC-ге сілтеме жасап.
Украина Сыртқы істер министрлігі Қытайдың уақытша сенімді өкілін шақырып, ҚХР азаматтарының Ресейдің Украинаға қарсы соғысына қатысуын қатаң айыптады. Бейжің бұл тұтқындар туралы әзірге түсініктеме берген жоқ.
Оккупанттар қатарында жүрген мұндай қытайлық азаматтар екеу ғана емес, саны әлдеқайда көп болуы мүмкін деген ақпарат бар. Қазір барлық деректерді анықтап жатырмыз. Барлау, СБУ және Қарулы күштердің тиісті бөлімдері жұмыс істеп жатыр, – деп жазды Зеленский.
Президент брифингте украиналық сарбаздардың алты қытайлықпен шайқасқа түскенін, олардың екеуін тұтқынға алғанын атап өтті.
Зеленскийдің сөзінше, тұтқынға алынғандардан құжаттар мен банк карталары табылған.
Президент жариялаған видеода қытайлық екені болжанған бір адам кісендеулі күйде қытай тілінде сөйлеп, жақында болған шайқасты сипаттап жатқандай көрінеді: ол ымдап, атыс дыбыстарын салып көрсетеді. AFP агенттігінің хабарлауынша, бұл адам Қытайдың мемлекеттік тілі – мандарин (хань) тілінде сөйлейді.
Владимир Зеленский Сыртқы істер министріне Қытай тарапымен "жедел байланыс орнатып", ресми жауап алуды тапсырды.
Қытай өкілдері бұл оқиғаға қатысты Батыс журналистерінің сұраныстарына әзірге жауап берген жоқ. Ресей билігі де Қытай азаматтарының тұтқындалғаны жөнінде ештеңе айтпады.
Қазіргі уақытта тұтқындар Украина Қауіпсіздік қызметінің қарауында.