Зияткер оқушылар эко жобаларды қолға алды

10 Желтоқсан 2021, 17:44
3116
Бөлісу:
Зияткер оқушылар эко жобаларды қолға алды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында онлайн режимде Назарбаев Зияткерлік мектептері оқушыларының «Су. Азық. Энергия» атты «ECOhack NIS» стартап-жобаларының таныстырылымы және желілік эко-клубтардың ашылу салтанаты өтті.

«Eco Jeli» эко-клубтар желісінің ашылуы және «Су. Азық. Энергия» хакатонының бастау алуы - бұл бәріміз үшін маңызды оқиға. Біз экологиялық проблемалар бүкіл әлемде өзекті екенін және адам өмірінің барлық салаларын қамтитынын түсінеміз. Бұл проблемаларды бір немесе бірнеше мемлекет ғана шешпейді. Қоршаған ортаның тазалығына бәріміз жауаптымыз. Әрбір адамның бірлескен күш-жігерінің, іс-қимылының арқасында ғана біз әлемді жақсы жағына қарай өзгерте аламыз,- дейді «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымының басқарма төрайымының орынбасары Ольга Можаева.

«Eco Jeli» Назарбаев Зияткерлік мектептерінің Эко-клубтар желісін біріктіреді.

Эко желі жобасының басты мақсаты - экологиялық мәселелердің шешімін тауып, оқушылар арасында экологиялық мәдениетті нығайту және қоғамды табиғатқа деген жанашырлыққа баулу.

Зияткер оқушылар эко жобаларды қолға алды

Біздің ең үлкен жетістігіміз - ол алға қойған мақсатымызға нық қадам басып, Назарбаев Зияткерлік Мектептері арасында эко-желінің негізін қалау. Бұл бастама – еліміздегі эко ахуалдың дамуында жас ұрпақ тарапынан алғашқы әрі негізін қалаушы қадам деп сенемін. Біз бірміз, себебі эко желінің басты мақсаты - байланыс, тәжірибе алмасу және іс-шараларды бірлесіп ұйымдастыру арқылы экоклубтардың жұмысын үйлестіру, жүйелеу және тиімділігін арттыру. Жеріміз бір, еліміз бір және болашағымыз бір болып, жарқын әрі таза келешекке жас өскіннен тараған жапырақ секілді бірге өсейік! - дейді Нұр-Сұлтан қаласы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 12-сынып оқушысы, эко лидер Сәнім Зейінғабыл.

Нұр-Сұлтан қаласы НЗМ мектебінің эко-клуб белсенділері 2019-2020 жылдары 1000 келі макулатура жинап, тиісті мекемелерге тапсырған.

Хакатонның бірінші күнінде экомаркетолог Анна Гударзи, қазақстандық Start-time.kz краудфандинг платформасын жасаушы – Азиза Өтегенова онлайн-фестиваль қатысушыларымен шағын бюджеті бар стартаптарды ілгерілетудегі кеңестерімен және эко кәсіпкерліктің өзге де аспектілерімен бөлісті.

Зияткер оқушылар эко жобаларды қолға алды

Зияткер оқушылар эко жобаларды қолға алды

Айта кету керек, хакатон 3 айға созылады. Ақпан айының 25 жұлдызында жас стартапшылар өздерінің эко өнімдерін көпшілікке таныстырады.

Өзгелердің жаңалығы