Украина президенті Владимир Зеленский АҚШ президенті Дональд Трамптың Ресейдің мұнай өңдеу зауыттарына жасалған соққыларды «ұят» деп сынағанына жауап берді. Зеленскийдің айтуынша, ол тек Украинаның мүддесін қорғап отыр.
ВВС мәліметінше, Трамп Киевтің Ресейдің мұнай нысандарына шабуылдарын қайта бастағанына наразылық білдіріп, Зеленскиймен келісу Ресей президенті Владимир Путинмен келісуден де қиын екенін айтты. АҚШ президенті мұндай соққылар Ресейдің Америкаға дизель отынын жеткізуіне кедергі келтіруі мүмкін деп санайды.
Брюссельде өткен Еуропалық одақ саммитінде Зеленский АҚШ пен Ресей арасындағы дизель отынын жеткізу туралы келісімді қабылдай алмайтынын мәлімдеді. Оның пікірінше, мұндай келісімнен кейін газ жеткізу жөнінде де уағдаластық жасалуы мүмкін.
«Егер мен бұған қарсы тұрмасам, онда мұны кім істейді?» - деді Украина президенті.
Вашингтон мен Киев арасындағы келіспеушіліктерге Ресейдің энергетикалық нысандарына жасалған соққылардан бөлек, Украина әскерінің Starlink спутниктік байланыс желісін пайдалануына қойылған шектеулер де себеп болған.
Зеленскийдің айтуынша, Starlink жұмысының толық қалпына келмеуі Украина қорғанысына кері әсер етуі мүмкін. Ол желі жылдамдығының баяу қалпына келуін «өте қауіпті әрі жағымсыз тосынсый» деп атады.
Саммитте Украинаға қаржылай қолдау көрсету және алдағы қысқа дайындық мәселелері де талқыланды. Зеленский келесі жылы соғыс қажеттіліктеріне 155 миллиард еуро керек болуы мүмкін екенін айтып, оның кемінде 70 миллиардын Еуропалық одақтың қорғаныс пен қару-жараққа бөлуі қажет екенін жеткізді. Оның сөзінше, Украина дрон өндірісін үш есе арттыруға қауқарлы болғанымен, оған қаржы жетіспейді.
Сонымен қатар Украина қалаларын қорғауға қажетті америкалық Patriot әуе қорғанысы зымырандарының тапшылығы әлі де өзекті мәселе болып отыр.
Зеленский Еуропа елдеріне қолдауы үшін алғыс айтып, АҚШ-та да Украинамен одақтастықты сақтауды қалайтын адамдар көп екенін атап өтті.
Дипломатиялық келіспеушіліктерге қарамастан, Украинадағы шабуылдар жалғасып жатыр. Бейсенбі күні кешке Харьков қаласына жасалған ресейлік дрон соққысынан бірнеше адам қаза тапқаны хабарланды.