Ақ үйдің жаңа баспасөз хатшысы Кэти Захария тағайындалғаннан кейін небәрі жеті күн өткен соң қызметінен кетіп жатыр. Оның журналистер алдындағы алғашқы брифингі сынға ұшыраған.
Fox News таратқан мәліметке сәйкес, Ақ үй өкілі Захарияның «осы қызметтегі жұмысын аяқтауға көшкенін» растады.
16 қазанда АҚШ президенті Дональд Трамп Захарияға бұл қызметте жұмыс істеу туралы шешімін қайта қарауға кеңес бергенін айтты.
Мұнымен айналысуға міндетті емессіз, егер өзіңіз қаламасаңыз... Менің ойымша, шешіміңізді қайта қарастырғаныңыз жөн, – деді ол баспасөз хатшысына айтқан сөзін жеткізіп.
Журналистер Трамптан Захарияны жұмыстан шығарған-шығармағанын сұрағанда, ол мұны жоққа шығарды. Президент оның «жақсы өмір сүргенін» қалайтынын айтып, бұқаралық ақпарат құралдары оны қатаң сынға алғанын жеткізді.
Захария бұл қызметке 9 қазанда тағайындалып, 13 қазанда алғашқы брифингін өткізді. Жиын небәрі 14 минутқа созылып, ол үш журналистің сұрағына жауап берген. Брифинг барысында бірнеше рет сөзінен жаңылысып, оның кәсіби дайындығына қатысты сұрақтар туындады.
Fox News-ке берген сұхбатында Захария біліктілік емтиханынан өтпегенін және АҚШ-та адвокаттық қызметпен айналысуға лицензия алмағанын мойындады. Бұған дейін Трамп оны адвокат ретінде таныстырған еді.
Қызметке тағайындалғанға дейін Захария Truth Social әлеуметтік желісін басқаратын Trump Media & Technology Group компаниясында коммуникациялар жөніндегі аға кеңесші болып жұмыс істеген. Сондай-ақ бұған дейін АҚШ Ішкі қауіпсіздік министрлігінің өкілі қызметін шамамен алты апта атқарған.