Жыныстық сауаттылық туралы оқулық шыққаны жайлы ақпарат – фейк

25 Тамыз 2020, 15:01
3071
Бөлісу:
Жыныстық сауаттылық туралы оқулық шыққаны жайлы ақпарат – фейк

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Осы күндері Instagram-аккаунттарда қазақстандық мектептерде жыныстық білім беруге арналған оқулықтардың суреті салынған пост жарияланды.

Автор жазылушыларын egov.kz сайты арқылы кәмелетке толмағандардың репродуктивті және психикалық денсаулығын қорғау бойынша медииналық көмек ұйымдастыру ережелеріне қарсы дауыс беруге үндейді. Бұл ретте пост авторы «балалардың назарына ұсынылатын» жыныстық сауаттылық туралы кітаптағы суреттерді көрсеткен.

Шын мәнінде, иллюстрация 2010 жылы Ресейде басылып шыққан «Как я появился на свет» кітабынан алынған. Оның қазақстандық білім беруге еш қатысы жоқ.

Бірақ бұл ақпарат әлеуметтік желілерде тез тарады, ал көпбалалы ана Зиуар Жұманова бұл мәселені шешулерін сұрап Қ.К.Тоқаев пен Елбасы Н.Ә.Назарбаевқа хат жазған.

StopFake редакциясы «Оқулық» республикалық ғылыми-практикалық орталығына хабарласып, түсініктеме алды.

Постта көрсетілген кітаптың қазақстандық оқулықтарға еш қатысы жоқ. Оның үстіне Қазақстанда мектептерде жыныстық тәрбие беру сабақтары өткізілмейді. Мектеп оқулықтарының мазмұны Қазақстан Республикасының мемлекеттік жалпыға міндетті стандарттарға (ҚР МЖМС), әрбір пән бойынша ҚР БҒМ бекіткен типтік оқу жоспарлары мен типтік оқу бағдарламаларына сәйкес құрастырылады. Бұл құжаттарда жыныстық тәрбие беру туралы пән жоқ, - деді Орталық директоры Ғани Бейсембаев.
Оның айтуынша, оқулықтарды мектеп бағдарламасына енгізбес бұрын оның мазмұны сараптамадан өтеді және бірнеше кезеңмен мақұлданады. Сондықтан жарияламас бұрын ақпаратты тексеру керек. Оқулықтар ҚР МЖМС мақсаттары мен міндеттеріне сәйкес, сондай-ақ типтік оқу жоспарлары мен типтік бағдарламаларға лайық болуы керек. Тек мектеп мұғалімдері ғана емес, жоғары оқу орындарының оқытушылары да сарапшы ретінде тартылады. Сонымен қатар, дайындық барысында «Оқулық» РҒПО сайтында жыл бойы қоғамдық талқылау жүргізіледі.

Кітап авторлары өңірлік семинарларда өз жұмыстарын таныстырып, мұғалімдер қауымдастығының бағалауына ұсынады. Сараптамалық баға берілген соң, ҚР Білім және ғылым министрлігі бекіткен пәндер бойынша арнайы комиссия құрылады, ол оқулықтардың мазмұнының оқу бағдарламаларына сәйкестігін анықтайды.

Сондай-ақ, құқықтық баға беру үшін жалған ақпаратты тарату фактілері ІІМ жолданды.

Еске салайық, фейк (жалған) ақпарат таратқаны үшін Қазақстанда ҚР ҚК 274-бабы бойынша 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру қарастырылған.



Өзгелердің жаңалығы