Жын-ойнаққа айналдырған. Депутат жатақхананы қонақ үйге айналдырғандар туралы айтты

14 Маусым 2023, 12:54
1013
Бөлісу:
Жын-ойнаққа айналдырған. Депутат жатақхананы қонақ үйге айналдырғандар туралы айтты
Фото: BAQ.KZ Архив

AMANAT партиясы еліміздегі заңсыз иемденілген активтерді қайтару мәселесіне ерекше назар аударып, Бас прокуратураға сауал жолдады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Депутат Ерлан Сайыровтың айтуына қарағанда, Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің бір топ оқытушы-ғалымдары Мәжіліс депутаттарына университеттен заңсыз шыққан активтерді оқу орнына қайтару туралы өтініш жасаған.

​Университет ұжымы басқа меншік иелеріне заңсыз өткен активтер тізімімен таныстырды. 2001-2022 жылдары 3 студенттік жатақхана, 5 оқу-зертханалық корпус әкімшілік-шаруашылық ғимараттар және өзге де жылжымайтын мүлік объектілері, университет ғимараттарына іргелес  жер учаскелері, Алматы облысының Талғар және Еңбекшіқазақ аудандарында орналасқан университеттің оқу-тәжірибелік шаруашылығындағы жер учаскелері қолды болып кеткен. Қазақтың жалпақ тілімен айтсақ, университет мүлкінің «ту-талақайын шығарған, - деді депутат.

​Сайыровтың пікірінше, осы ғимараттарды иеленген заңды тұлғалар оқу корпустарының аумағында тұрғын үй кешендерін салып, студенттердің, оқытушылардың мазасын алып, жатақханаларды қонақ үй етіп қайта жабдықтаған, караоке, басқа да ойын сауық орындарын жасап,  жын-ойнаққа айналдырған.

Кейбір оқу корпустарын бизнес орталықтарға айналдырған. Осы фактілер қаншама жастар мен оқытушыларды басына отырып, жеткіншек ұрпақтың моральдық-рухани әлеміне ойсырата жасалған соққы, әділеттілік принциптерін таптау болып саналады. Университет ұжымы активтерді сату немесе оларды сенімгерлік басқаруға беру туралы барлық шешім ректор Т.И.Есполовтың тұсында қабылданғанын жеткізіп отыр, - деді депутат.

​Депутат Бас прокуратураға елімізде заңдылықты бақылап отыратын орган ретінде мынадай қадамдар жасауды ұсынды:

1. Заңсыз қолды болған активтерді қайтару комиссиясы аясында аталған ғимараттардың мемлекет меншігіне қайтарылуын жедел қамтамасыз етуге.
2. 2001-2022 жылдары осындай заңды белшесінен басып, барып тұрған бассыздыққа барған шенеуіктердің заң алдында жауапкершілігін анықтауға.
3. Еліміздегі басқа да жоғарғы оқу орындарының меншікті заңсыз беру мәселесіне аудит жүргізуге тиіс.

Мәжіліс «Заңсыз алынған активтерді мемлекетке қайтару туралы» заң жобасын Сенатқа жолдағанын еске сала кетейік.

Өзгелердің жаңалығы