Жылына неше рет "больничныйға" шығуға болады?

14 Сәуір 2025, 12:25
2564
Бөлісу:
Жылына неше рет "больничныйға" шығуға болады?
Фото: BAQ.KZ архив

Заңға сәйкес, кез келген қызметкер денсаулығына байланысты жұмысқа шыға алмаса, еңбекке жарамсыздық парағын рәсімдеуге міндетті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Еңбекке жарамсыздық парағын жылына неше рет ашуға болады? Жұмыс беруші қанша көлемде жәрдемақы төлеуге міндеттеледі? Жәрдемақы қандай жағдайда төленеді? Төленбейтін жағдайлар кездесе ме?

Осы және өзге де сұрақтарға жауапты заңгер Сабира Салимовадан сұраған болатынбыз.

Жылына неше рет "больничный" аштыруға болады?

ҚР заңнамасында жылына қанша рет еңбекке жарамсыздығы парағын алуға болатындығы бекітілмеген. Егер жұмыс беруші белгілі бір кезеңге еңбекке жарамсыздығы парағын алуға шек қойса, бұл заң бұзушылық болып саналады. Сонымен қоса егер ондай шектеулер (еңбекке жарамсыздығы парағын алуға шектеу – ред.) жұмыс берушінің актісінде жазылса, ондай актілердің күші жарамсыз болады. ҚР еңбек кодексінің 10-бабына сәйкес қолданылмайды. Өйткені ол еңбек заңнамасымен салыстырғанда жұмысшылардың жағдайын нашарлатады, - деп түсіндірді заңгер.

 

Төлем қалай есептеледі?

Еңбекке жарамсыздыққа төленетін төлем жұмысшының орташа күндік ақысы мен ол "больничныйға" шыққан кезеңдегі жұмыс күндерінің санына қарай есептеледі.

Сонымен қатар еңбекке жарамсыздығы үшін төленетін төлемнің жоғарғы шектік мөлшері бекітілген. ҚР Еңбек кодексінің 133-бабына сәйкес, еңбекке уақытша жарамсыздық бойынша төленетін әлеуметтік жәрдемақы сомасы айына 25 АЕК-тен аспауға тиіс. 2025 жылы бұл сома 98 300 теңгені құрайды.

Жұмыс беруші жәрдемақыны қашан төлеуге міндетті?

Еңбекке уақытша жарамсыздық үшін жәрдемақыны тағайындау мен төлеу тәртібі ҚР Еңбек кодексінің 16-бабының 32)-тармақшасы мен 133-бабының 5-тармағында бекітілген. Сондай-ақ Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2015 жылғы 30 қарашадағы №907 бұйрығымен бекітілген «Еңбекке уақытша жарамсыздық бойынша әлеуметтік жәрдемақыны тағайындау мен төлеу ережелері» арқылы реттеледі.

Ереженің 12-тармағында жәрдемақы Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасында бекітілген еңбекақыны төлеу мерзімінде төленетіні айтылған.

Осылайша, жәрдемақы жұмысшы еңбекке жарамсыздық парағын ұсынған соң келесі айдың бірінші онкүндігінен кешіктірмей төленеді.

Қандай жағдайда жәрдемақы төленбейді?

ҚР Еңбек кодексінің 4-тармағына сәйкес еңбекке уақытша жарамсыздық бойынша әлеуметтік жәрдемақы төленбейді:

1) заңды күшіне енген сот үкімімен кінәлі екендігі анықталған жағдайда, өзінің қылмыстық құқық бұзушылық жасау кезінде алған өндірістік жарақаттарының салдарынан еңбекке уақытша қабілетсіздігі туындаған жұмыскерге;

2) соттың ұйғарымы бойынша жұмыскерді мәжбүрлеп емдеген (психикалық науқастардан басқа) уақыт үшін;

3) заңды күшіне енген сот үкімімен немесе қаулысымен жұмыскердің кінәлі екені анықталған жағдайда, ол қамауда болған уақыт үшін және сот-медициналық сараптама жасалған уақыт үшін;

4) жұмыскер алкогольді, есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестер мен прекурсорларды тұтынуы салдарынан туындаған аурулардан немесе өндірістік жарақаттардан еңбекке уақытша жарамсыз болған кезде;

5) жыл сайынғы ақы төленетін еңбек демалысымен сәйкес келетін еңбекке уақытша жарамсыз күндері үшін;

6) жалақы сақталмайтын демалысқа тура келетін еңбекке уақытша жарамсыз күндері үшін;

7) бала үш жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты жалақы сақталмайтын демалысқа тура келетін еңбекке уақытша жарамсыз күндері үшін төленбейді.

Өзгелердің жаңалығы