Жылына 900 млрд теңгеден астам төлем: Әлеуметтік сақтандыру кімдерге қолдау көрсетеді?

23 Қараша 2026, 12:52
АВТОР
 ©BAQ.KZ коллажы 23 Қараша 2026, 12:52
23 Қараша 2026, 12:52
113
Фото: ©BAQ.KZ коллажы

Қазақстанда міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесімен 7 миллион адам қамтылған. Жыл сайын 1,3 миллионнан астам адам Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төлем алады. Бұл мақсатқа жылына 900 миллиард теңгеден астам қаражат жұмсалады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, елімізде міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесі 20 жылдан астам уақыт жұмыс істеп келеді. Қор жұмыстан айырылған, еңбек ету қабілетінен айырылған азаматтарға, сондай-ақ асыраушысынан айырылған отбасыларға төлем тағайындайды. Жүктілік пен босануға және бала күтіміне байланысты төлемдер де осы қордан беріледі.

Қордан кімдер төлем ала алады?

Еңбек ету қабілетінен айырылған азаматтар. Денсаулығына байланысты жалпы еңбек ету қабілетінен айырылу дәрежесі белгіленген сақтандыру жүйесінің қатысушысына ай сайын төлем тағайындалады. Төлем еңбек ету қабілетінен айырылу дәрежесі белгіленген мерзімге, зейнеткерлік жасқа толғанға дейін беріледі.

Асыраушысынан айырылған отбасылар. Қайтыс болған азаматтың асырауындағы балалары мен заңда көзделген өзге де отбасы мүшелері төлем ала алады. Балаларға төлем 18 жасқа дейін, ал күндізгі бөлімде оқитындарға оқуын аяқтағанға дейін, 23 жастан асырмай беріледі.

Жұмысынан айырылған азаматтар. Ресми түрде жұмыссыз ретінде тіркелген сақтандыру жүйесінің қатысушысы төлемге өтініш бере алады. Жаңа жұмыс іздеу кезеңінде мансап орталығы азаматқа лайықты бос жұмыс орындарын ұсынады.

Жүктілік, босану және бала күтімі. Жүктілік пен босануға байланысты табысынан айырылған сақтандыру жүйесінің қатысушысына біржолғы төлем тағайындалады. Оның мөлшерін есептегенде әлеуметтік аударымдар жүргізілген табыс пен еңбекке жарамсыздық парағында көрсетілген күндер ескеріледі. Бала бір жарым жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты ай сайынғы төлем беріледі.

2027 жылдан бастап жұмыссыздық төлемі қалай өзгереді?

2027 жылғы 1 қаңтардан бастап жұмысынан айырылуына байланысты әлеуметтік төлемнің ең ұзақ мерзімі алты айдан үш айға қысқарады. Нақты мерзім азаматтың міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу өтіліне байланысты белгіленеді.

Төлемді есептеу кезінде соңғы 24 айдағы әлеуметтік аударымдар жүргізілген орташа айлық табыс пен жүйеге қатысу өтілі ескеріледі. Төлем есепке алынатын орташа табыстың 45 пайызына дейін жетуі мүмкін. Есепке алынатын айлық табыс ең төменгі жалақының жеті еселенген мөлшерімен шектеледі.

Әлеуметтік аударымды кім төлейді?

Жалдамалы қызметкер үшін әлеуметтік аударымды жұмыс беруші өз қаражаты есебінен төлейді. Бұл сома қызметкердің жалақысынан ұсталмайды. Ал жеке кәсіпкерлер өзі үшін әлеуметтік аударымды дербес төлейді. Қордан төлем алу құқығы отбасының табыс деңгейіне емес, азаматтың сақтандыру жүйесіне қатысуына, әлеуметтік аударымдардың түсуіне және төлемнің әр түріне қойылатын талаптарға байланысты. 

Төлем түріне қарай өтінішті eGov.kz порталы арқылы беруге, телефонға келген SMS арқылы қызметті рәсімдеуге немесе ХҚКО-ға жүгінуге болады. Министрлік мәліметінше, осы саладағы қызметтердің 80 пайызға жуығы электрондық форматта көрсетіледі.

166 мың алушыға 400 млрд теңгеден астам төленген

Министрлік ұсынған 2026 жылғы дерекке сәйкес, бүгінде еңбек ету қабілетінен немесе асыраушысынан айырылуына байланысты ұзақ мерзімді төлем алып жүрген 166 мың адам бойынша жүйеге қатысқан кезеңде Қорға 96 миллиард теңге әлеуметтік аударым түскен. Осы алушыларға төленген қаражаттың жиынтық көлемі 400 миллиард теңгеден асқан.

Қор аталған ұзақ мерзімді төлемдерді алдағы уақытта жалғастыру үшін тағы 475 миллиард теңге көлемінде міндеттеме алған.

Наверх