Жылқытануда Қазақстан ғалымдарының еңбегіне жүгінеміз – қытайлық қазақ ғалымы

5 Қараша 2021, 22:39
1758
Бөлісу:
Жылқытануда Қазақстан ғалымдарының еңбегіне жүгінеміз – қытайлық қазақ ғалымы

Павлодар, BAQ.KZ тілшісі. Павлодарда жылқы шаруашылығына қатысты өтіп жатқан халықаралық конференцияда ҚХР Тарым университетінің профессоры, жылқытанушы ғалым Гымыңгүл Мұхантайқызы осылай деді. 

Қытайда тұратын қандасымыз халықаралық конференцияға онлайн режимде қатысқан болатын. 

Қазақстандағы жылқытанушы ғалымдар және сол салаға қатысты басшылар, сіздерге Қытай елінен арнайы сәлем жолдаймын. Пандемия салдарынан сіздерге бара алмай қалдым. Қазіргі уақытта барлық шекаралар жабық екенін жақсы білесіздер. Десе де, соған қарамастан онлайнда сіздерге көлемді баяндама жасап беруге дайындалған едім. Алайда оған да мүмкіндік болмай, Қашқария жақта ғылыми жұмыстармен жүрмін, – деді көлікте отырып тікелей эфирге қосылған ғалым қандасымыз. 

Тарым университетінде жылқытану саласы, жылқы шаруашылығы мамандықтары бойынша дәріс оқитын қандасымыз осы сала бойынша ғылыми жұмыстармен де айналысатынын айтты. 

Негізінен өзіміздің Іле жылқысы, Қарашар жылқысы және осы оңтүстіктегі Такламакан, Гималаймен жалғасқан таулы өлкелер жылқысы зерттеумен айналысамын. Солардың генетикасын, тұқымдық ерекшелігін талдаймын. Сонымен қатар осы жылқыларды өнімді жылқы тұқымдарына қарай бейімдеумен айналысамын, – дейді Гымыңгүл Мұхантайқызы. 

Ол өз зерттеулерінде Қазақстан ғалымдарының еңбегіне, әсіресе етті-сүтті бағыттағы жылқыларды зерттеушілердің жұмыстарына көбірек жүгінетінін айтты. 

Осы салада маған Қазақстандағы Қазақ Ұлттық аграрлық-зерттеу университетінің профессоры Қайрат Исхан ағамыз көп бағыт-бағдар беріп келеді. Мынау әлемдік індет тарамай тұрған кезде атажұртқа барып, өздеріңізбен тығыз байланыста жұмыс істеген едік. Коронавирус тоқталса, сол байланысты қайта қалпына келтірсек деген ойым бар. Сіздердің де біз жаққа келіп, жылқы шаруашылығы саласында ортақ келісіммен жұмыс істеуге шақырамын. Конференция жұмысынан табыс күтемін, – дейді Қытайдағы ғалым қандасымыз. 

Естеріңізге сала кетейік, Павлодарда екі күнге жалғасқан «Қазақстан мен шетелдегі өнімді жылқы шаруашылығының жағдайы мен даму перспективалар» тақырыбында халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтіп жатыр.

Өзгелердің жаңалығы