Жыл соңына дейін Қосшыда жаңа мектеп ашылады

8 Маусым 2023, 15:33
1421
Бөлісу:
Жыл соңына дейін Қосшыда жаңа мектеп ашылады
Фото: Артём Чурсинов - архив

Ақмола облысында жыл соңына дейін бірнеше мектеп пайдалануға беріледі, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бұл туралы Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеді.

Айтуынша, өңірде білім беру саласына ерекше көңіл бөлініп отыр.

Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау аясында оқу процесінің тиімділігін арттыру үшін барлық жағдай жасалды. Биыл 313 орындық 2 балабақша ашылды, 1 706 орындық тағы 6 балабақша құрылысы жалғасуда. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 2025 жылға дейін 20 жаңа мектеп ашуды жоспарлап отырмыз, - деді өңір басшысы.

Сонымен қатар әкім білім беру сапасына мектептердің инфрақұрылымын дамыту да тікелей әсер ететінін айтты.

Биыл 8,6 млрд теңгеге 46 әлеуметтік нысанда ағымдағы жөндеу және 39 әлеуметтік нысанда күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Аршалы, Сандықтау, Целиноград аудандарында, Көкшетау, Қосшы, Степногорск қалаларында 5,5 мың оқушыға арналған 14 мектептің құрылысы басталды. Үш ауысымды оқытуды жою үшін жыл соңына дейін Қосшы қаласы мен Аршалы ауданында 2 мектепті іске қосу жоспарда бар, - деді өңір басшысы.

Сондай-ақ ол білім беру саласында қандай істер атқарылатынына тоқталды.

Мектепке дейінгі және орта білім беру саласы әрқашан басымдықта қалады. Өңірде 2 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен 100% қамтуды қамтамасыз ету міндеттерін шешу бойынша жұмыс жалғасуда. Бүгінде облыс бойынша 86%-дан асады, жыл соңына дейін оны 88%-ға дейін жеткізуді жоспарлап отырмыз, - дейді Ермек Маржықпаев.

Бұған дейін Маржықпаев Ақмолада 38 ауылда медициналық мекемелер салынатынын айтты.

Өзгелердің жаңалығы