Жыл соңына дейін отандық вакцинаның алғашқы партиясы шығарылады

4 Желтоқсан 2020, 12:57
1710
Бөлісу:
Жыл соңына дейін отандық вакцинаның алғашқы партиясы шығарылады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Мемлекет басшысы Премьер-министр Асқар Маминді қабылдады. Қасым-Жомарт Тоқаевқа коронавирус індетіне қарсы отандық вакцинаның әзірлену барысы туралы баяндалды, деп хабарлады Ақорданың ресми сайты.

Премьер-министр Президентке 29 қараша күні клиникалық сынақтардың 1 және 2-кезеңдерінің аяқталғаны туралы мәлімдеді. Асқар Маминнің айтуынша, вакцинаның кері әсері анықталған жоқ және оның жоғары тиімділігі тіркелді. 25 желтоқсаннан бастап клиникалық сынақтардың 3-ші кезеңінде аталған вакцина 3 мың еріктіге егіледі. Сынақтар толығымен 2021 жылы наурыздың соңына қарай аяқталады.  

Сонымен қатар Мемлекет басшысына осы жылдың соңына дейін 2 миллион мөлшер көлеміндегі отандық вакцинаның алғашқы партиясы шығарылатыны туралы ақпарат берілді.

Мемлекет басшысының Ресей Президенті Владимир Путинмен жасаған келісіміне сәйкес осы жылдың 22 желтоқсанынан бастап Қазақстанда ресейлік «Спутник V» вакцинасын өндіру қолға алынады. 2021 жылдан бастап тұрғындарға ерікті түрде жаппай вакцина егу жоспарланып отыр. Алғашқы кезеңде тұрғындардың ауруды жұқтыру қаупі жоғары тобы, яғни дәрігерлер, педагогтар, күштік құрылымдардың қызметкерлері қамтылады.  

Қасым-Жомарт Тоқаев Асқар Маминге отандық вакцина өндірісіне қатысты берілген тапсырманы жедел орындағаны үшін алғыс білдіріп, дәрінің тиімділігіне баса мән беруді және тұрғындарға қол жетімді болуын бақылауда ұстауды тапсырды.  

Өзгелердің жаңалығы