Жамбыл облысы, BAQ.KZ тілшісі. Праймериз туралы бүгінде көптеген пікір айтылып жатыр. Оның мәні мен маңызын, ерекшелігін біреу біліп жатса, енді біреуге бұл мәселе мүлде беймәлім. Түрлі деңгейдегі депутаттық фракцияны қалыптастыру үшін қолға алынғалы отырған бұл жаңашылдықтың еліміздің заң шығарушы органдарының тыныс-тіршілігіне тың серпіліс беретіні сөзсіз.
Бұл туралы Nur Otan партиясы Жамбыл облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Балабек Нарбаев айтып берді. Іргелі ұйымның өкілі әңгімесінде жалпақ жұртқа праймеризді түсінікті тілмен жеткізуге де тырысты.
– Балабек Жанбекұлы, ең алдымен қарапайым халыққа праймериз дегеннің не екенін түсіндіре кетсек.
– Бұл туралы өткен жылы Nur Otan партиясы Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысында айтылған болатын. Онда Елбасы – Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев "Сенім. Диалог. Болашаққа нық қадам – Nur Otan партиясының 7 серпіні» атты партия жұмысын жүйелі жаңғырту бағдарламасын ұсынғаны есімізде. Біз сөз етіп отырған праймериз туралы сол жерде айтылды.
Ал праймеризді қарапайым сөзбен айтар болсақ, ол партия мүшелері арасынан ең мықтыны анықтау дегенге саяды. Мұны футбол командасымен де салыстыруға болады. Мысалы, түрлі деңгейдегі жарыстар негізінде ең мықты ойыншылар команда болып жасақталса, тағы бір топ мықты алмастырушы ойыншылар сапында тұрады ғой. Праймериз де дәл сол сияқты. Елге, халыққа адал қызмет етуге, партияның шын патриоты болуға бел байлап, өзінің көшбасшылығын, іскерлігін көпшілік алдында дәлелдей алса болғаны.
– Сонда, біздің түсінуімізше, кез келген жанның алдағы сайлауда депутат болуына мүмкіндігі бар болып тұр ғой?..
– Әрине, кез келген азамат депутат бола алады. Ол үшін бірқатар заңдылықты орындаса және ол үміткер бекітілген талаптарға сай келсе болғаны.
– Ендеше сол талаптарды айтып беріңізші.
– Қазақстан Парламенті Мәжілісіне кандидат ел аумағында соңғы он жыл ішінде тұрақты тұрып жатқан және жасы жиырма беске толған азамат болуы тиіс. Ал мәслихаттың депутаттығына үміткердің жасы жиырмаға толса да жеткілікті. Олар Nur Otan партиясының мүшесі болуы қажет. Кандидат ұсынылған кезде партияның мүшесі болмауы мүмкін, бірақ ол праймеризге қатысу үшін тіркеу мерзімі аяқталғанға дейін партияға кіруі тиіс.
Ал сот іс-әрекетке қабілетсіз деп таныған, сондай-ақ, сот үкімі бойынша жазасын өтеу орындарында отырған азаматтардың сайлауға және сайлануға, республикалық референдумға қатысуға ешқандай құқығы жоқ. Сондай-ақ, сотталғандығы белгіленген тәртіппен өтелмеген немесе алынып тасталмаған, соттылығы бар адам; сыбайлас жемқорлық қылмысы мен сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасаудағы кінәсін сот заңда белгіленген тәртіппен таныған адам праймеризге қатыса алмайды және кандидат бола алмайды.
Сонымен қатар партияның беделін түсіретін немесе партия мүдделеріне залал келтіретін әрекеттер үшін партия қатарынан шығарылған тұлғалар праймеризге жіберілмейді.
– Балабек Жанбекұлы, партия қатарынан шығарылған тұлғалар туралы айтып қалдыңыз. Жалпы, Жамбыл облысында партия қатарынан шығарылған азаматтар бар ма? Бар болса, олар не үшін шығарылды?
– Әрине, бар. Жыл басынан бері өңірімізде 7 630 адам партия қатарынан шығарылды. Олардың басым бөлігі өздерінің белсенділігінің төмендігінен, партияға еш мақсат-мүддесіз өте салғаны үшін шығарылды. Бүгінгі таңда партияның беделін түсіретін, елге қызмет ету үшін командалық іс-әрекетке қатыспай, іргесін аулақ салып жүретін мүшелерден партия қатарын тазартып, оның орнына қолынан іс келетін іскер, сөзі мен шаруасы қабысып жататын адал адамдарды тартуға күш салып жатырмыз. Былайша айтқанда, "саннан – сапаға" көштік.
– Азаматтар праймеризге қатысу үшін не істеуі керек? Олар депутаттыққа кандидат ретінде қалай ұсынылады?
– Кандидаттарды ұсыну партияның интернет-ресурсында ұсыну мерзімі басталғаны туралы хабарландыру жарияланған күннен бастау алады және республикалық Күнтізбелік жоспарға сәйкес өткізіледі. Оларды ұсыну бастауыш партия ұжымының атынан немесе өзін өзі ұсыну жолымен жүзеге асырылады. Кандидаттар бір облыс, қала, аудан шегінде ғана ұсыныла алады. Ал праймеризге қатысу үшін құжаттарды аумақтық ұйымдастыру комитеттеріне жеке өзі немесе партияның интернет-ресурсындағы ақпараттық жүйеге өткізеді.
– Балабек Жанбекұлы, жоғарыда праймеризге қатысу үшін азаматтар Nur Otan партиясының мүшесі болуы тиіс, партияға түбегейлі өтпесе де, уақытша тіркелуі керектігін айттыңыз. Әлбетте, жаңа есім, тың идеялы азаматтардың, мықты көшбасшылардың партия беделін арттыратыны сөзсіз. Ал партия сол азаматтарға қандай мүмкіндік бере алады?
– Әрине, қай партияға мүше боламын десе де әр азаматтың өз таңдауы. Біз оларға тек қана біздің партияға өтіңдер демейміз. Ал Nur Otan партиясының іске асырып жатқан мықты жобаларының, сайлауалды бағдарламаларының, тұғырнамасының бар екенін айтқым келеді. Сондай-ақ, облыстағы барлық деңгейдегі 205 депутаттың 198-і біздің партия мүшелері екенін айта кеткен жөн.
Олардың ішінде халық мүддесі үшін қызмет етіп жүрген облыстық мәслихаттың депутаттары Мұқаш Ескендіров, Гүлдара Нұрымова, Арман Еділбаев, Әлімбек Жұмабаев, Ғалымжан Сағынтаев сынды азаматтарды, әлеуметтік мәселелер төңірегінде туындаған проблемаларды шешуде әркез белсенділік танытып жүрген Тараз қалалық мәслихатының депутаттары Эльмира Мырза-Ғали, Жанар Бүркітбаева, Ләззат Әбілдаеваны атап өтуге болады.
– Ал праймеризден кейін Жамбыл облысынан қандай жаңа есімдер шығады деп ойлайсыз? Біздің өңірде жаңа көшбасшы, іскер және белсенді азаматтар қаншалықты көп?
– Нақты азаматтардың атын атасам, мені неге айтпады деп ренжіп қалатындар табылады ғой. Оны өз уақытында көре жатармыз. Бірақ, бір анығы, сайлау науқаны кезінде жұртшылыққа көп уәде беріп, өзін қызыл сөзбен әдемі көрсетіп, кейін депутат болғаннан кейін сөзі мен ісі қабыспай жататындар да баршылық. Өйткені, депутат болу туралы түсінік бір басқа да, оның жұмыс істеу жүйесі бір басқа. Яғни, депутат болу – жұрттың құлағына әдемі сөз айтып, алдап қою емес, ерінбей, нақты еңбек ету. Өкінішке қарай, мықты азаматтар аз. Олардың дені депутат болуға ынталы емес.
– Алдағы сайлау кезеңінде жастар мен әйелдердің үлесін 30 %-ке жеткізу туралы айтылды... Бұл бағыттағы шаруаларды да айта кетсеңіз.
– Меніңше, барлық сұраныс заман талабына сай жасалады. Қазіргі қоғамда байқасаңыз, әйелдер проблемасы өте көп. Ал оның тереңіне үңіліп, оң шешімін табу үшін, соған сай заңдарды қабылдауға ықпал ету үшін әйелдердің депутат болуы заңдылық. Әйелдің мәселесін әйелден артық кім түсінеді, кім біледі?!
Дәл сол секілді жастардың қоғамдық-саяси өмірге деген құлшынысын арттыру үшін де өз замандастарының арасында үлгілі азаматтардың болғаны жөн. Әйтпесе, қазіргі жастар қоғамнан алшақтап барады. Айналасында не болып жатқанынан, қандай өзгерістер орын алатынынан хабарсыз. Сондықтан, жастардың назарын қайткенде де халық мүддесі, ел келешегі үшін бері аударуға болатынын өз замандастары жақсы түсінсе керек.
– Балабек Жанбекұлы, нәтижесінен көп өзгеріс күтілетін бұл праймеризді өткізу қандай кезеңдерден тұрады? Өзіңіз жақсы нәтиже күтесіз бе?
– Бірінші кезеңде кандидаттарды ұсыну және тіркеу, одан кейін кандидаттарды үгітке даярлау, келесі кезекте үгіт-насихат жұмыстары, дауыс беруді өткізу, тізімдерді дайындау болып жалғасады.
Ал жеке өз басым партия тарапынан біраз уақыттан бері айтылып, түрлі тәжірибелік кезеңдері өткізілген бұл жаңашылдықтан күтерім көп. Меніңше, заң шығарушы билік жүйесінде ерекше сілкініс болары сөзсіз.
– Сұхбатыңызға рақмет!