Жыл басынан бері елден қанша адам кетті

14 Қараша 2019, 11:38
8033
Бөлісу:
Жыл басынан бері елден қанша адам кетті

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. 2019 жылдың үш тоқсанында Қазақстаннан 34,2 мың адам көшіп кетті. Бұл өткен жылмен салыстырғанда  (31,6 мың адам) 8,3% артық. Мұндай деректерді ranking.kz ұсынды, деп жазады 7kun.kz.

Өз кезегінде, Қазақстанға небәрі 8 мың адам келді, бұл 2018 жылмен салыстырғанда 14,4% аз (9,3 мың адам). Белгіленген нәтиже көші-қонның теріс сальдосын 26,2 мың адамға дейін арттырды.

Елден кеткендердің басым бөлігі — қала тұрғындары: 28,8 мың адам немесе кеткендердің жалпы санының 84,1%. Ауылдан 5,4 мың адам көшіп кетті.

Сыртқы көші-қонның ең маңызды теріс сальдосы 16 жастан бастап зейнеткерлік жасқа дейінгі қазақстандықтар арасында байқалды — 17,4 мың адам (23,6 мың адам кеткен, 6,2 мың адам келген). 15 жасқа дейінгі балалар көші-қонының теріс сальдосы 8 мың адамды құрады (9,1 мың адам кетті, 1,1 мың адам келді).

Қазақстандықтардың көпшілігі Ресейге қоныс аударды: 2019 жылдың тоғыз айында 30,4 мың адам кетті. Ресейден келгендер саны 2,2 мың адамды құрады.

Қазақстандық мигранттар үшін екінші қолайлы мемлекет— Германия: онда 2,1 мың адам кетті.

Беларусь ТОП-3 мемлекет рейтингін аяқтайды, бұл елге 297 қазақстандық кеткен. Сондай-ақ, алғашқы бестікке 220 адам кеткен Өзбекстан және 190 адам көшіп барған АҚШ кірді.

Сондай-ақ, қазақстандықтар Қырғызстанға, Израильге, Қытайға, Түркияға және Канадаға жиі қоныс аударады.

Бұл ретте Қазақстанға көшіп келгендердің ішінде Өзбекстан (2,9 мың адам), Ресей (2,2 мың адам) және Қытай (686 адам) тұрғындарының қатары көп.

Өңірлік бөліністе шетелге Шығыс Қазақстан (5,4 мың адам), Қарағанды (4,8 мың адам) және Қостанай (4,3 мың адам) облыстарының тұрғындары көп кетеді. Сондай-ақ, ең көп адам кеткен ТОП-5 өңірге Павлодар (4,2 мың адам) және Солтүстік Қазақстан (3,3 мың адам) облыстары кірді.

Айта кетейік, көші-қонның оң сальдосы еліміздің үш өңірінде ғана байқалады: Шымкент (293 адам кетті, 622 адам келді), Алматы облысы (1155 адам кетті, 1456 адам келді) және Түркістан облысы (196 адам кетті, 261 адам келді).

Өзгелердің жаңалығы