Жыл басынан бері БЖЗҚ активтері 1 трлн теңгеге артқан

11 Қазан 2022, 11:24
1030
Бөлісу:
Жыл басынан бері БЖЗҚ активтері 1 трлн теңгеге артқан

Бұл туралы бүгін өткен Үкімет отырысында Ұлттық банк төрағасы Ғалымжан Пірматов мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының зейнетақы активтері жыл басынан бері 1 трлн теңгеге немесе 8%-ға ұлғайып, биылғы қыркүйек айының соңында 14,1 трлн теңгені құрады. Жыл басынан бастап инвестициялық кіріс көлемі – 742 млрд теңгені, зейнетақы жарналары – 1 трлн 238 млрд теңгені, зейнетақы төлемдері – 197,4 млрд теңгені, мерзімінен бұрын алу сомасы 858,5 млрд теңгені құрады, - деді Ұлттық банк басшысы. 

Айтуынша, зейнетақы активтерінің кірістілігі соңғы 12 айда 7,5%-ды көрсеткен.

Бұл ретте зейнетақы активтерінің 5 жыл ішінде жинақталған кірістілігі жинақталған инфляция 53,7% болған кезде 55,8%-ды құрады, - деді Ғалымжан Пірматов. 

Еске сала кетейік, бұған дейін Ұлттық банк басшысы 2023 жылы  инфляция 6,5%-ға дейін төмендейтінін айтты. Белгілі болғандай, мұндай болжамды Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы жасаған. Инфляция болжамының күшеймеуіне коронавирустың жаңа толқынының болмауы, Украинадағы соғыстың күшеймеуі, Еуропадағы энергия нарығындағы қысымның төмендеуі сынды бірқатар факторлар әсер етеді. 

Өзгелердің жаңалығы