Жыл басынан бері 35 мыңға жуық шымкенттік коронавирус жұқтырған

1 Қазан 2021, 11:19
9437
Бөлісу:
Жыл басынан бері 35 мыңға жуық шымкенттік коронавирус жұқтырған

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында өткен баспасөз конференциясы барысында Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан хабарлады. 

Оның айтуынша, жыл басталғалы 34 337 адам індет жұқтырған.

Олардың ішінде 32 682 адам емделіп шықты. Өкінішке қарай, 1 110 науқас қайтыс болды. Қазіргі таңда 1 317 адам емделіп жатыр. Оның ішінде, 805 науқас үй жағдайында амбулаторлық, ал стационарда 512 пациент ем қабылдауда, - деді Шыңғыс Мұқан.

Қала басшысының бірінші орынбасары өткен тәулікте COVID-19 жұқтырған 126 жағдай тіркелгенін атап өтті. Сондай-ақ індетпен күресте дайындық барысына да тоқталды.

Ковидтің ықтимал толқынына үш сценарий бойынша дайындық жүргізілген болатын. Алғашқы сценарий бойынша 1290 төсек-орын болса, эпидемиологиялық жағдай нашарласа, төсек-орынды 4016-ға дейін арттырамыз. Ал эпидемиологиялық дағдарыс болса, 5416 төсек-орын ашылады. Қазір қалада 1363 төсек жасақталып тұр, - деп отыр Шымкент қаласы әкімінің орынбасары.

Қалада эпидемиологиялық жағдайдың тұрақталуына байланысты 25 тамыздан бастап 1780 төсек-орын жабылыпты.

Қазіргі төсек-орын толымдылығы 37%-ды құрайды. 851 төсек бос тұр. Жансақтау бөлімінде 257 төсек бар, онда 87 азамат ем қабылдап жатыр. Толымдылық 33%-ға тең, - деді Шыңғыс Мұқан.

Еске сала кетейік, бұған дейін Шымкентте 32 мыңнан астам вирус ошағы анықталғаны туралы жазған болатынбыз.

Өзгелердің жаңалығы