Жүзуге болмайды: Алматыда қауіпті су айдыны анықталды

Ағысы күшті, терең кейбір аумақты қауіптірек деп танылған.

 ©BAQ.KZ/жасанды интеллект Бүгiн 2026, 12:16
Бүгiн 2026, 12:16
112
Фото: ©BAQ.KZ/жасанды интеллект

Қала мен тау бөктерінде жалпы саны 44 су айдыны бар, олардың 9-ы шомылуға қауіпті деп танылған. Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында ҚР ТЖМ "Барыс" Республикалық жедел-құтқару жасағының сүңгуір-құтқару бөлімінің қызметкерлері жазғы маусымға дайындық пен қауіпсіздікті қалай қолға алып жатқандарын айтты.  
 
Үлкен және Кіші Алматы өзенінің учаскелері, қаланың әртүрлі ауданындағы тоғандар мен көлдер, соның ішінде Шаңырақ, Дархан, Қарасу, Кемел шағын ауданы, сондай-ақ Юннат пен Аэропорт көлі қауіпті су айдынының қатарына  кіріп отыр. Ағысы күшті, терең болғандықтан, арнаулы жабдықталған орынның жоқтығына байланысты кейбір аумақты қауіптірек деп тапқан.   

Алматы мен тау бөктерінде 44 су айдыны бар, оның 9-ы қауіпті санатқа жатады. Бұл жылда оқыс оқиға тіркелетін ең қауіпті жерлер, - дейді ҚР ТЖМ "Барыс" РЖҚЖ сүңгуір-құтқару бөлімінің басшысы Андрей Быбченко.

Ресми түрде тек төрт жерде – Сайран көлінің батыс және шығыс бөлігінде шомылуға рұқсат етілген. "Гүлдер" демалыс аймағы мен Дінмұхамед Қонаев атындағы Үлкен Алматы каналы бойындағы Баум тоғайының жағажай аймағы да соның қатарында. Біраз қазір Сайран көлі суға тола қойған жоқ, ҮАК-та да күрделі жөндеу жұмысын жүргізуді жоспарлап отыр екен. 

Қазір су айдындарының ешқайсысы толық жұмыс істеп тұрған жоқ. Сайранда су жоқ, ҮАК-та қайта жаңғыртуға дайындық жұмысы жүріп жатыр. Бұл басқа су айдынына түсетін жүктемені артыруы мүмкін, сондықтан тұрғындарды барынша сақ болуға шақырамыз, - дейді спикер.   

Құтқарушылар демалушылардың жиі жіберетін қателікке де назар аударады. Көп адам ескерту белгісін елемейді, тау өзенінің ағысына қарамайды, тайып кетіп, жарақат алып, жабдықталмаған жерде барып суға түседі. Маңайда құтқарушылардың болмауы, тауда күн райының күрт өзгеруі де қауіп тудырады.

Көбіне оқыс жағдай қарапайым қауіпсіздік ережесін білмеуден болады. Жұрт су айдынының ерекшелігін ескермейді, тау өзеніне суға түседі, тайып кетіп, ағыс алып кетеді. Оған қоса күн райы да әсер етеді: қалада күн ашық болса, тауда жаңбыр жауып, тіпті қар түсуі мүмкін. Жанында құтқарушылар болмаса, дер кезінде көмек көрсету қиын, - дейді Андрей Быбченко.

Құтқарушы төтенше жағдайда қалай әрекет ету керектігін де түсіндірді.

Егер адам суға батып бара жатқанын көрсеңіз, ең бастысы – үрейге берілмеңіз. Өз бетіңізше көмектесе алмасаңыз, дереу жедел қызметті шақырып, айғайлап көмекке шақырып, айналадағы адамдарды тарту керек. Оқиға орнынан кетпей, нақты ақпарат берген дұрыс, - деп қосты ол.

Жалпы ұлттық паркте кешенді жұмыстар жүргізіліп жатыр: маршруттарды инспекторлар бақылауда ұстайды, туристерге түсіндіреді жағдайды, ақпараттық белгілер мен көрсеткіштер де орнатылып, жедел қызметтермен бірлесіп жұмыс істеу жағы да жолға қойылған. Қауіпті учаскелерде  тыйым салатын 98 белгі мен 50 ескерту жазуын да орнатып қойыпты.  

Қосымша жеті қауіпті жерде жағдайды нақты уақыт режимінде бақылауға мүмкіндік беретін интеллектуалды бейнебақылау камералары орнатылған. Сондай-ақ мектеп оқушыларына арналған сабақтар өткізіп, мектептерде, сауда орталықтарында, ХҚКО-ларда, метрополитенде және қаланың көшедегі экрандарында қауіпсіздік туралы бейнероликтер көрсетіліп жатыр.

Құтқарушылар рұқсат етілген орындардың өзінде де қауіпсіздік ережесін сақтап, суға түсуге арналмаған жерлерге жоламау керектігін айтып отыр.

Наверх