Жүзеге асырылған бастамалар жаңа реформаларға негіз болады – Қарин

31 Тамыз 2022, 13:02
986
Бөлісу:
Жүзеге асырылған бастамалар жаңа реформаларға негіз болады – Қарин

Президент кеңесшісі Ерлан Қарин Мемлекет басшысының Қазақстан халқына кезекті Жолдауының алдында 2021 жылғы Жолдауды жүзеге асырудың аралық қорытындыларын жариялады деп хабарлайды BAQ.KZ.

Ол «Халық бірлігі мен жүйелі реформалар – ел игілігінің берік іргетасы» жолдауындағы барлық практикалық жұмыстар арнайы Ұлт жоспары аясында жүргізіліп жатқанын және  олардың басым бөлігі орындалып, қалғанының орындалуы Президент Әкімшілігінің бақылауында екенін айтты.

Маңызды әлеуметтік бастамалардың ішінде 2022-2025 жылдар аралығында мемлекеттік қызметшілердің жекелеген санаттарының (мәдениет ұйымдары, мұрағаттар, оның ішінде техникалық қызметкерлер және т.б. қызметкерлері) жалақысын орташа есеппен 20%-ға кезең-кезеңімен арттыруды атап өту қажет.

Сондай-ақ, заңнамаға ең төменгі жалақыны 60 мың теңгеге дейін көтеру және оны салықтық, әлеуметтік және басқа салалардағы есептік көрсеткіш ретінде алып тастау бөлігінде өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. 2025 жылдың соңына дейін кемінде 1000 мектеп салу жөніндегі Жол картасы бекітілді. Тұрғын үй мәселесін шешу үшін «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша «Отбасы банкі» арқылы жалпы сомасы 230 миллиард теңгеге жуық 20 мыңнан астам жеңілдетілген несие берілді, - деп жазды Қарин.

Ол сондай-ақ «Биологиялық қауіпсіздік туралы» заңның күшіне еніп, тұрғындарға ДДҰ-да тіркелген коронавирустық инфекцияға қарсы вакциналардың қолжетімділігі қамтамасыз етілгенін атап өтті. Саяси жаңғырту және адам құқықтарын қорғау блогы толығымен жүзеге асырылғанын жеткізді.

Адам құқықтарын қорғау жүйесін нығайту және заң үстемдігін қамтамасыз ету үшін прокурорлардың аса ауыр санаттағы қылмыстық істер бойынша айыптау қорытындысын дайындау бөлігінде құзыреті кеңейтілді. Уәкілетті органдар алаяқтықпен және пирамидалық схемалармен күресу бойынша 2022 жылға арналған бірлескен шаралар кешенін жүзеге асырып жатыр.

Заң шығару жұмыстарының шеңберінде білім беру саласында, стресстік активтер нарығын дамыту туралы және т.б. заңдар қабылданды. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының 2025 жылға дейінгі аумақтық даму жоспары, 2022-2026 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат тұжырымдамасы бекітілді, - делінген хабарламада. 

Ерлан Қарин бұл бағытта жүзеге асырылған бастамалардың жаңа реформаларға негіз болатынын, жалғасын табатынын, Мемлекет басшысы алға қойған барлық бастамалар дәйекті түрде жүзеге асып, азаматтардың өмір сүру сапасын жақсартуға және еліміздің тұрақты дамуына тікелей әсер ететінін атап өтті.

Өзгелердің жаңалығы