Журналистік жолымдағы жолбарыстар

22 Тамыз 2020, 22:41
1969
Бөлісу:
Журналистік жолымдағы жолбарыстар

Нұр-Сұлтан. BAQ. KZ. Белгілі журналист Қуат Бораштың публицист-жазушы Мұса Рахманбердиев жайлы естелік-эссесі жарық көрді.

Публицист-жазушы Мұса Рахманбердиевті бұған дейін «Қазақ әдебиеті» газетінде жарияланған көркем дүниелері және «Қазақтелефильм» телестудиясында әзірленген деректі фильмдері арқылы сырттай білетінмін. 1996 жылы Мұса Рахманбердиев Жамбыл облыстық телерадиокомитетінің төрағалығына келді. Табиғатынан іскер, шығармашылық әрі ұйымдастырушылық әлеуеті зор, орталықта жүріп үлкен астаудан су ішіп, жұмыс нәтижесін сол астаналық деңгеймен дөңгелетіп үйренген Мұсаекең келе салысымен облыстық телеарнаның бағдарламалар кестесін жаңартуға, хабарлардың сапасын жақсартуға, тың жобаларды өмірге енгізуге бел шеше кірісті. Алматыдан шығармашылығымен танылған талантты қыз-жігіттерді Таразға қарай тарта бастады. Мұса Рахманбердиев өңір жұртшылығының өзіндік провинциялық өлшемі, өзіндік қабылдау шегі бар деп қараған жоқ, қандай дүние жасалса да республикалық телеарнаның туындысымен бәсекелесе алатын, жалпы халыққа қысылмай-қымтырылмай ұсына алатын ұсынақты хабарлар әзірленуін талап ете бастады. Бұған дейін республикалық «Қазақстан» арнасының таралымынан кешкілік бір сағаттық уақытта эфирге шығып, өңір жаңалықтары мен шағын хабарлар ғана беріп, шала ұйқыда жүрген ұжымды ол сілкілеп оятуға кірісті. Мен ол кездегі Тараз қаласындағы «Райхан ТВ» жеке телеарнасында қызмет етемін. 

Эфирден тоқсаныншы жылдары ел-жұрт «еміне» қарайтын анайысы мен жабайысы, ерегесі мен төбелесі көп шетелдік фильмдерді тарататын қалалық телеарна күнделікті кешкісін жарты сағат «Жамбыл жаңалықтарын» ұсынады. Ара-тұра шығармашылық шабытымыз тасып бара жатса қалауымызша шағын хабарлар дайындап қоямыз. Бірақ ол хабарлардың тұрақты атауы, орнықты эфирлік кестесі жоқтың қасы. Жасағың келді ме жаса, жасағың келмесе жаңалықтарыңды тарат та үйіңе қайт. Өйткені сенің шығармашылық бастамаңа не материалдық, не рухани қолдау көрсетіп, ынталандырып жатқан арна басшылығы жоқ. Теларна қожайынының мақсаты әлгі шетелдік фильмдерге жұмыстан келе сала телміре қарайтын қалалықтардың немесе мал жайғап болған соң аузы ашыла қызықтап қарайтын шаһар төңірегіндегі ауыл-аймақтағы ағайынның прайм-тайм уақытында эфирден «жүгіртпе жолын» көбірек жүгіртіп, ақшасын молынан үстемелей түсу ғана болатын. Жаңалықтарды өңір басшылығының көз алдында болып, әмпей-жәмпей араласудың құралы немесе қаладағы қаны тамып тұрған проблемаларды көрсету арқылы шенеуніктермен саудаласудың тетігі ретінде пайдаланылды.

Сондай күндердің бірінде облыстық әкімшілік өңірде орналасқан Отар әскери бөлімшесінде жауынгерлер арасында орын алатын әлімжеттік әрекеттер туралы ата-аналар шағымының көбейіп кеткенін айтып, гарнизонның тыныс-тіршілігі жайында арнайы хабар әзірлеу үшін аймақтағы екі телеарнаның түсіру тобын сол жерге аттандырды. Қанша дегенмен шеңберге шектелмеген жеке телеарнаның өкілі болғандықтан армия өмірін боямасыз, сол күйінде беруді ойластырдым. Жауынгерлердің үлкен-кішісінен ашық сұхбаттар алдым. Елді сүю, жерді қорғау жөніндегі пікірлерін білдім. Бәрі ауылын сағынып, ата-анасы түсіне еніп, аруын аңсап жүрген қазақтың кілең қаракөз жігіттері. Оқта-текте балалардың мұрны қанап, бас жарылу сияқты бала қораздану жағдайлары болып тұрғанымен, қайшыласып, пышақтасып жатқан ешкім көрінбейді. Келген соң көргенімді мәртебелі көрерменге қарапайым тілмен жіпке тізгендей баяндап бердім. Ұмытпасам бағдарламамның атын «Елім, жерім деп соқсын жүрегің» деп атадым. Сол сапарда облыстық телеарнадан барған жасы егделеу әріптесім қалаға барған соң қалыптасқан қасаң тілмен жазылған таптаурын хабарын эфирге жіберіпті. Әулиеатадағы көздің ағы мен қарасындай ғана бар-жоғы екі телеарнаны көпшілік көрермен бағып қана қоймай, басшылық та қырағылық танытып, ұдайы жіті бақылап отыратын еді. Мазмұны бірдей қос хабарды салыстырып қараған аймақтағы атқамінерлер Мұсаекеңнің құлағына бағдарламалар сапасына қатысты бір-екі ауыз әңгіме де айтып жіберген тәрізді. Дүйсенбі күні ашуға булыққан Рахманбердиев апталық лездемеде әлгі әріптесті жерден алып, жерге салып, жеке арнада желігіп жүрген «бозөкпенің» жасағанын мемлекеттік телеарнаның дап-дардай қызметкері бола тұра дұрыс әзірлей алмадың деп нығарлайды. Қажет болған жағдайда мені сол әріптесімнің орнына жұмысқа алып, өзін қоңыз тергізіп жіберуге дайын екенін де ашумен жеткізеді.

Бұл әңгіме әжік-күжік сыр-сұқбатымыз ешқашан тарқамайтын өзіммен тұстас әріптестерім арқылы маған да жетті. Өзің туралы мақтау естіген әрине құлаққа жағымды ғой, бірақ ол кезде облыстық телеарнаға жұмысқа ауысу туралы ой менің жоспарымда жоқ болатын. Содан арада біраз уақыт өткенде «Рахманбердиев Райхан ТВ-ның эфирлік арнасын облыстық телевидение алатын болыпты, жеке телеарна жабылатын болыпты» деген әріптестер арасында әңгіме тарай бастады. Задында, қаңқу сөз бекер шықпайды ғой. Көп күттірмей-ақ жоғары жақтың шешімімен метрлік канал облыстық телевидениенің қарауына көшті. «Жүгіртпе жолмен» қаражат тауып, қызметкерлерінің жалақысын содан айырып отырған арна басшылығы ендігі жерде каналдың жабылатын айтып, бәрімізбен қош айтысты. Ол кезде Тараздың маңындағы туған ауылым Амангелдіде келіншегіммен әке-шешеммен бірге тұрамыз. Жұмыс тоқтаған соң екі қолға бір күрек табылар деген ойменен үйдің айналасындағы шаруалармен айналысып, бір-екі апта сыртқа шыға қойған жоқпын.

Ұсақ-түйектен қолым қалт етсе қарайтыным облыстық теледидар. Қанша дегенмен эфирге шығып, жергілікті «жұлдызға» айналып, ел ішінде әжептәуір таныла бастаған тұста ауылда сенделген көп құрдастың қатарын толықтыратыныма қынжыламын. Бір күні облыстық телеарнаның жүгіртпе жолынан «облыстық телеарна қазақтілді жас журналистерге шұғыл конкурс жариялайтынын, байқауға қатысушыларға, журналистік мамандығы және бұған дейін телеарналарда жұмыс істеген тәжірибесі талап етілетіні» туралы хабарлама беріліп жатыр. Шынын айтсам, бұл хабарлама тұп-тура маған арнап жазылған сияқты, конкурс мен үшін ұйымдастырылғаны сияқты елестеп кетті. Ертеңінде Тараздағы Сүлейменов көшесінің бойына орналасқан облыстық телеарнаға келдім. Танитыны бар, танымайтыны бар біршама адамдар жиналып қалыпты. Даңғарадай бөлмеде қабақтары қатуланып алған төрт-бес адам студенттерден емтихан қабылдағандай байқауға келгендерді кезекпе-кезек шақырып жатыр. Байқаймын, отырғандардың от алысы тым алапат. Ішке кіргендердің бәрі дерлік сынақтан сүрінгендей өңдері сынық күйінде сыртқа шығуда. Кезек маған да келді. Мен кіргенде әріптестерімнің бәрі танығанын сездім, бірақ ешқайсысы танып отырғанын білдіргісі келмейтін секілді. Қатуланып алған қалың топ ресми түрде аты-жөнімді сұрады. Бұған дейін қай жерде жұмыс істегенімді анықтады. Қандай тақырыпта қалам сілтейтінімді сұрауды да ұмытпады. Жеке телеарнада тілші әрі жүргізуші болғанымды естігенде бәрі таңқалған кейіп танытып, біздің бұрынғы бәсекелесіміз екен ғой деген сыңайда сынай қарай бастады. Бір кезде бос тұрған төрдегі төрағаның орына сырттан ұзын бойлы ширатылған мұрты бар жігіт ағасы келіп жайғасты. Ол кісі бір мәселемен уақытша сыртқа шығып келген тәрізді. Келген кісі Мұса Рахманбердиев екенін білдім. Сол сәтте отырғандардың бірі маған «осыған дейін облыстық телеарнамен текке бәскелестікке түскенімді, ақыр соңында басым салбырап өзім келіп тұрағанымды» ақыл түрінде айтып, аяқ жағында «өзіңнің қазіргі ой таразың бойынша қай телеарна күшті болды» деген өрескелдеу сауалын қойып та үлгерді. Орнына отырмастан бұрын Мұсаекең маған бір қарады да, қол беріп амандасып, «Қуат, қалың қалай?» деді бұрыннан таныс адамша. «Жақсы» деп жауап беріп, әлгі әпербақандау сұраққа не жауап берсем деп оңтайлана бастаған тұста төраға отырғандарға: «Сендерге не болды сонша, жау көргендей Қуатты сұрақтың астына алып. Бұл жігіт бәріміз сияқты журналистиканың нағыз жауынгері ғой. Жеке телеарнада жұмыс істесе де өзінің қабылет-қарымын танытып, сендерді біраз әуреге салды емес пе», деп сәл жымиып, егер шынымен бел шешіп келіп отырсам жұмысқа шұғыл кірісуім керек екенін кесіп айтты. Рахметімді жаудырып, шығуға ыңғай таныттым да, қай күні жұмысқа кірісуім керек екенін сұрадым. Мұсаекең маған тік қарады да: «дәл қазір» деп пышақ кескендей нұсқау берді. Соңынан «Қуат, саған ерекше тапсырмам болады» деген қосымша тапсырмасын де қосып қойды.

Сөйтіп, байқауға келіп, байқамай бір сағатта жұмысқа қабылданып кеткендіктен бе, абдырап, қайда барарымды білмей дағдарып тұрғанда досым Бақытжан Советұлы жаңалықтар редакциясындағы өздерінің бөлмелеріне алып барды. Сол аралықта хатшы қыз келіп, Рахманбердиевтің шақырып жатқанын айтты. Қайран Мұса ағамызбен жақын таныстық сол жерден басталды. Кабинетінде отырып, біраз әңгіме шертілді. Бір қарағанда түсі сұстылау көрінетін Мұсаекең нағыз шығармашылықтың адамы екен. Өзін жас кезінде журналистика майданына тайсалмай кіріп, талай тақырыпты тарам-тарам тасқа басқанын қызықты оқиғаларымен өрбітіп, әңгімелеп берді. Сөзін түйіндей келе, Алматыда журналистика факультетін бітірген жақсы мамандардың облысқа келе бермейтінін, бәрі бірдей орталықта қалуды қалайтынын қынжылыспен жеткізді. Өзі осы жұмысқа келгелі Алматыдағы біраз қыз-жігіттерге ұсыныс білдіргенімен, көпшілігі көтеріле көшіп келуге шешім қабылдай алмағандарын мойындады. Ендігі жерде туған жер деп келіп қалған бірен-саран біздей жастарды жақсылап тәрбиелеп, жұмысқа жегіп, телеарнаның сапасын көтерсем деген ойы бар екенін де жасырмады. Тоқетерін айтқанда, Мұсаекең сол жерде жұмысқа жаңа ған қабылданған маған міне, міне құрылғалы жатқан қалалық телестудияның жекшісі болуды міндеттеді. «Апам да аң-таң, менде аң-таң» демекші, конкурсқа жұмысқа қабылдай ма деп дүдәмал болып келген мен бас-аяғы бір-екі сағатта бастық боп үйге қайтатынымды ойлап, өзіме-өзім онша сеніңкіремейтін сияқтымын.

Жамбыл облыстық телекомпаниясындағы қызықты да, қиынды жұмысқа бірден бел шешіп кірісіп кеттім. Мұса Рахманбердиевтің алғашқы тапсырмасы жастардан ұжым құрып, болашақ бағдарламалардың тұжырымдамасын ұсыну болатын. Ақылдаса келе, күнделікті «Тараз ТВ» деген шапкамен кешкісін қала өміріне арналған хабарлармен екі сағаттық эфирге шығып отыруды ұйғардық. Ақпараттық-музыкалық, публицистикалық бағдарламамыздың атын Мұсаекең ойлана келе «Ақнұр» деген ат қойып берді. Бағдарламамызға түрлі тақырыпты қаузайтын әрқилы айдарлар ойлап таптық, көрерменмен тікелей эфир арқылы викториналық сұрақтар қойып, ойын ойнатамыз. Композиторлық қабылеті бар Исабек Күзенбаев деген курстасым «Таразым» деген ән жазып, арнайы клип түсірдік. Жастардан құралған жаңа ұжымдағы бәріміздің бойымызда осылайша шапшыған қуат, жүрегімізде жалын, жаңалыққа деген құлшыныс тұнып тұрғанымен кәсіби тәжірибеміз бен жазу машығымыз жетіспей жататын. Әр аптаның басындағы ортақ лездемеде жасы үлкен аға-апаларымыздың нысанасына бірінші боп біз ілігетін едік. Сол кезде марқұм Мұса ағамыз ортаға түсіп, «көш жүре түзелетінін» тілге тиек етіп, ең бастысы біздің бағдарламамыздың өмірге келуімен жергілікті эфирде бұрын-соңды болмаған еркін әрі жаңа жобалардың ене бастағанын айтып, рухани қолдау көрсететін.
Бозбала жастық шақтың өзіне ғана тән бояуы болатыны белгілі.

Бірде әдеттегі тікелей эфирде орыс тілінде хабар жүргізетін Эльмира Найзабекова екеуіміз бағдарламаның ортасындағы ән жүріп жатқан тұста бір-бірімізді қолымыздағы қағазбен ұрғылап, қалжыңдасып ойнап отырдық. Бір қарасам ән аяқталып, менің қасымдағы қызға қырындап жатқаным Жамбыл жұртшылығының назарына тікелей эфир арқылы ұсынылып жатыр. Түлен түрттім ме, әлде жын буды ма, бойды бірден жинап, кешірім сұрап хабарды жүргізе берудің орынан эфир арқылы күлкімді тыя алсам ше. Сайқымазақ адам сияқты экранға қарап сақылдап күліп отырмын. Эфирді жіберіп отырған режиссердің техникалық үзіліс жасап, хабарды өзгесімен алмастыра салу да ойына келмеген. Сонымен, экранда біраз уақыт ыржалаңдап болғаннан кейін әлгі режиссер тікелей эфирді тоқтатуға мәжбүр болды. Қазақ айтатын «қасықтап жинаған абыройды, бір сәтте шөміштеп төгіп тастап» қарап отырысым мынау. Студияға төтенше жағдай жарияланғаннан бетер кейіппен өңі өрт сөндіргендей болып, Рахманбердиевтің орынбасары кіріп келді. Айтаныны бірақ ауыз сөз: «Масқара, масқара болдық». Басекең ертең облыстық әкімшілік бәрімізді шақырып жұмыстан қуатынын, өзі сенім білдіріп жүрген Рахманбердиевті менің жерге қаратқанымды және бала-шағасын асырап отырған өзіне де зиянымды тигізгенімді айтып», қалш-қалш етеді.

Не десе де, болары болды. Үйге келген соң өзімді психологиялық жағынан дайындадым. Қызметтен кеткен жағдайда қай жерден жұмыс іздеуге болатынынына да ойша шолу жасап қоямын. Ертеңінде «қылша мойным талша» деп басымды салбыратып жұмысқа келдім. Кабинетімде қашан шақырады деп тықыршып отырмын. Түске дейін ешкім мазалай қоймады. Бердібек Соқпақбаевтың «Менің атым Қожа» повесінде сотқар Қожаның тағдыры мектептен шығару туралы педкеңесте шешілетіні сияқты, менің келешегімді де дәу бастықтар жиналып алып әлдеқашан шешіп тастаған шығар деп ойлап қоямын. Отыра-отыра жалығып, сыртқа беттедім, бір қарасам дәліздің арғы бетінен Мұса Рахманберидев келе жатыр екен. Тас төбемнен біреу су құйып жібергендей жүрегім атқалақтай жөнелді. Ортада төменге түсетін тепкішек. Қайда барарымды білмей дағдарып тұрғанда баспалдақты арғы бетіне бірінші жеткен Мұсаекең үндеген жоқ, әдеттегі жылы жымиысымен маған бір қарады да, жұдырығын бір түйіп, төмен түсіп кетті. Содан кейін бұл әңгімеге қайта оралған жоқпыз. Жұмысымды қалыпты жағдайда жалғастыра бердім. Қазір ойланып отырсам, егер ол кісінің орнында бюрократ бір бастық болса бірден бүкіл ұжымды жиналысқа шақырып, мені ортаға шығарып, ит терімді басыма қаптар ма еді? Бірақ Мұсаекең ондай орашолақ ұйғарымға бармады. Берік азаматтық ұстанымы мен ақадал ағалық жүрегі ондай шешім қабылдауға жол бермеген де шығар. Бәлкім, жаңа ғана жетілген жас өскінге қатты жекіру арқылы жігерін мұқалтып, сағын сындырып алам ба деп ойлаған болар, қайран ағамыз.

Мұсакең кейінірек жоғары жақтың шешімімен Алматыға қайта оралып, республикалық «Қазақстан» телеарнасының директоры болып бекітілді. Жолға дайындалып, кабинетіндегі кітаптарын, басқа да заттарын жинастырып жүріп: «орнығып алған соң, Алматыға шақырам, келесің бе», деді. Мен қуана келістім. Бірақ өкінішке қарай, бұл біздің соңғы кездесуіміз екен. Арадағы аз уақытта аңшылықты жақсы көретін даланың дарабоз перзенті аң аулап жүріп қапелімде оқтаулы мылтығын шүріппесін басып жіберіп мерт болды.

Кейіннен облыстық телекомпанияны басқарған Мұсаекеңнің рухани інісі, бүгінде «Қазақстан» телерадиокорпорациясының вице-президенті, қарымды қаламгер Ілияс Ысқақовпен ақылдасып біраз уақытқа дейін «Ақнұрды» қайта шығарып, соңында «идея авторы Мұса Рахманбердиевтің рухына арналады» деген арнайы титр беріп жүрдік. Бұл да болса жұртшылыққа шұғыласын шашып жүретін дегдар жанның тіршілігінде жасаған жақсылығының сәулесі мәңгілік мекеніне де себездеп құйыла берсін деген абзал ой болатын. Жатқан жерің жарық болсын, Мұса аға.



Өзгелердің жаңалығы