Журналистердің құқығын бұзуға, күш көрсетуге ешқашан жол берілмеуі керек – Балаева

25 Тамыз 2021, 09:06
7714
Бөлісу:
Журналистердің құқығын бұзуға, күш көрсетуге ешқашан жол берілмеуі керек – Балаева

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева журналист Ақбөпе Тәңірбергенге қатысты пікір білдірді. 

Өздеріңізге мәлім, Алматы қаласы, Алатау ауданы әкімдігі қызметкерінің журналист Ақбөпе Тәңірбергенге күш қолданған теріс әрекеті интернет желісінде қызу талқыланып жатыр. Аудандық әкімдіктің жауапты тұлғаларының бұған қатысты еш шара қолданбауы мәселені тіпті де ушықтырып отыр, - деп жазды министр әлеуметтік желідегі парақшасында.

Балаева бұл бүгінгі «еститін мемлекет», «ашық әкімдік» қағидаларына қайшы келетін жағдай екенін айтты. 

Бұл, әрине, өте өкінішті және біздің бүгінгі «еститін мемлекет», «ашық әкімдік» қағидаларына қайшы келетін жағдай. Журналистердің құқығын бұзуға, олардың ресми жұмысына кедергі келтіріп, күш көрсетуге ешқашан жол берілмеуі керек. Олар өздерін қай жерде де еркін сезінуі тиіс. БАҚ өкілдері еліміздің тиісті заңнамалары мен нормативті-құқықтық актілеріне сәйкес қажетті толыққанды ақпарат алуға қай кезде де құқылы. Бұл жағдайға қатысты Алматы қаласы әкімдігінің басшылығы қызметтік тексеру жүргізіп, тиісті шаралар қабылдауы қажет деп санаймын. Кінәлі тұлғалар жауапқа тартылуы тиіс. Алдағы уақытта, қай жерде болмасын, БАҚ өкілдеріне қатысты бұндай келеңсіз жағдайларға жол берілмеуі қажет, - деп жазды Аида Балаева.
Естеріңізге сала кетейік, кеше желіде күзетшінің журналисті көтеріп, ғимараттан шығарып жіберген видеосы тараған еді. Сондай-ақ әкімдік журналисті неліктен күштеп шығарып жібергенін түсіндірді.

Өзгелердің жаңалығы