Журналист Сәуле Әбілдаханқызы әлеуметтік желідегі парақшасында әріптестерінің өздері туралы қабылданатын жаңа заң жобасын талқылауда белсенділік танытпай жатқанын атады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Сондай-ақ жаңа заңның оң тұстарына тоқталды.
Баспа басылымдарын мемлекет тарапынан субсидиялау мәселесі жолға қойылады екен. Студенттерге бір басылымға тегін жазылуға жол ашады. Яғни пошта операторы өз порталында орналастырылған каталогтан студенттерге өздері қалаған бір газетті бір жылға тегін жазып береді. Болашақта мектеп оқушыларын да баспасөзге тегін жазу механизмдері қарастырылады екен, - деп түсіндірді журналист.
Ол газет-журналдардың қаралымы мен таралымы төмен болса да, баспа басылымдары әркез өзектілігі мен қажеттілігін жоймайтынын, мәңгілік шежіре, ертеңгі тарих екенін айтты және шетелде де тегін жаздыру тәжірибесі бар екенін жеткізді.
Францияда 2009 жылы он сегіз жастағы азаматтарға арналған кез келген газетке тегін жазылымдарды субсидиялау басталды. Бұл шара баспа БАҚ үшін айтарлықтай қолдау болды, сонымен қатар француз газеттерінің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға түрткі болды, - деді ол.
Журналист жаңа заң жобасында ұсынылған журналистердің әлеуметтік статусын бекітуге де тоқталды. Ол 10-15 жылдан бері айтылып жүрген мәселе екенін атады.
«Төртінші билік өкілдері» деп журналистерге билік те, халық та есек сияқты жүк артатыны жасырын емес. Өз мәселелері шаш етектен бола тұра, журналист байғұстар қашан қарасаң мемлекет пен халықтың мәселесінің соңында салпаңдап жүргендері. Журналистерді әлеуметтік қолдау тетіктерін қалыптастыратын кез келді... Оларға дұрыс айлық, дұрыс премия, дұрыс қаламақы, дұрыс соцпакеттер, дұрыс муниципалды бағдарламалармен жеңілдіктер берілу керек, - деді ол.